Ауыл шаруашылығы министрлігі мал азығы қорын молайтпақ

Мал азығы қорын молайту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы 4 жылда егіс алқаптарын 3,6 миллион гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Ең алдымен төрт түлік түгел жейтін жоңышқа өнімділігін артыруға ден қойылмақ. Өйткені жемшөпті қамдамай мал шаруашылығын өрістетеміз деу – бос әурешілік. 187 мың гектар суармалы егістікке дән себетін Қызылорда облысында да күріш көлемі қысқартылып, мал азығы дақылдарының үлесі арттырылды.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Жұттың жеті ағайынды болатынын Сыр жұрты жақсы біледі. Өйкені 2021-22 жылдары өлкені қуаңшылық жайлады. Сырдарияның суы сирақтан келіп, шабындық-жайылымдықтар суарылмады. Топырақтан қылтанақ таппай, құрғақшылыққа төзбеген 600-дей бас мал қырылды. Ол құжаты бар түліктің ғана саны. Ал жапан түзде тіркеусіз қалғаны қаншама? Қолындағы азын-аулақ малынан айырылып қалмас үшін Сыр шаруалары мал азығын ерте көктемнен қамдайтын болған.  

342 мыңдай мүйізді ірі қара, 700 мыңдай уақ мал, 160 мың жылқы мен 52 мыңдай түйе өсірілетін Қызылорда облысында толық қуаттылықта құрама жем шығаратын бірде-бір кәсіпорын жоқ. Арпа, бидай, сұлы солтүстік облыстардан тасымалданған соң бағасы жиі құбылады. Арыға бармай-ақ, өңірде өсетін күріш кебегінің өзі шаруаға қолжетімсіз. Қармақшы ауданы 3-Интернационал ауылының шаруа қожалығы соңғы 2-3 жылдың көлемінде қолдағы малын сатуға асығатын. Өйткені төрт түлігін қораға ұстайын десе, жемшөптің құны күн сайын шарықтап барады. Содан отандық ғалымдармен кеңесе келе, жоңышқа тұқымын арнайы агрегат арқылы биоқоспамен дәрілеуге көшеді. Агроинновация арқасында шаруашылық былтырдан бері мол өнім жинап жүр.

Еркін Әбсейітов, агроном:

- Көктемде егетін кезде 2 дәрі қосылады фитовакцерин, реквозит деген. Сонымен өңдеп, тұқымды жерге тастаймыз. Дәннің шығуы, жер таңдамауы, өзінің қасиетін ұстауы болады. Дәрілерді қосқан кезде шығымы – 100%. Жоңышқаны 2 рет орып аламыз.

Негізінен күріш егетін іргелес шаруашылықтың асылтұқымды бұқа және мініске жарайтын 30 шақты жылқысы бар. Қожалық еңбеккерлері қысқы азықты қамдауға 470 гектар жерге жоңышқа егеді. Осы алқаптан жиналған өнім серіктестіктің 250 жұмысшысына да теңдей бөлінеді. Еңбеккерлер шалғынды шөп тұқымын күздігүні өздері дайындап, су үнемдеу үшін алқапты лазерлік тегістеуден өткізеді. 

Бекзат Әбдімәжитұлы, механизатор:

- Тегіс жерге су жақсы келеді, тегіс кіреді. Күзде су шығарғанда да оңай болады тегіс шығады. Әр жерде су қалып қоймайды. Кейіннен комбайндарға да оңай болады егіс жинайтын кезде. Жақсы өнім беруге көп септігін тигізеді. 3 алқапты тегістедік әрқайсысы 70-80 га болып қалады.

Жоңышқадан бөлек, сырбойылық шаруалар мақсары, арпа, бидай және жүгері егуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ тұрғындарға да бау-бақша егуге қосымша жер бөлінеді.

Ерсұлтан Әпетов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында ұжымдық түрде егін егуге ағымдағы жылы облыс бойынша отбасылардан түскен өтініштерге байланысты қосымша 3179 га жер дайындалып жатыр.

Үкімет тарапынан егіс көлемін арттырумен қатар мал шаруашылығын субсидиялау шеңберінде жемшөп құнын арзандатуға қолдау жасалады. Сондай-ақ Азық-түлік корпорациясы мал азығы қорын қалыптастырып, қажет болған жағдайда түлік баптаушы және құс шаруашылықтарына арзандатылған бағамен беріп отырады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев.