Түркі мемлекеттері айналымға шығатын өнімге қатысты стандартты бекітті
Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының комиссиясы айналымға шығарылатын өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын айқындайтын заң жобасын мақұлдады.
Қазақстанның бастамасымен әзірленген құжат Бішкектегі ТүркПА экономикалық комитетінің отырысында қаралды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жыл «Түркі Дәуірі» ұранымен өтеді. Соның аясында түркі мемлекеттері үшін айналымға шығарылатын өнімнің қауіпсіздігі мен сапасының негіздері туралы модельдік заң жобасы әзірленген болатын. Қазіргі уақытта әр елде тауар сапасын бағалау, техникалық реттеу мен сертификаттаудың өзіндік жүйесі жұмыс істейді. Жаңа құжат дәл осы стандарттарды біріктіруге жол ашпақ.
Қуаныш Елікбаев, ҚР Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы:
- Модельдік заң жобасы техникалық кедергілерді жоюға бағытталған. Кедергілер болмас үшін мемлекеттік бақылау мен метрологияға қатысты сертификаттаудың ортақ түсінігі қалыптасуы керек. Бірыңғай ережелер бойынша есептеу дәлдігінің эталондары қалыптасқанда ғана біз оны қолданысқа енгізе аламыз.
Модельдік заңды әзірлеу туралы бастама жарияланғаннан бастап Түркі елдері Парламенттік ассамблеясының экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының қатысуымен сараптамалық кездесу өтті. Ұйымға мүше мемлекеттердің сарапшылары қатысқан отырыстарда қолданыстағы заңнамалық базалар егжей-тегжейлі зерделеніп, шығарылған өнімнің қауіпсіздігіне қатысты қатаң талаптарды бірыңғайландыру жағы қарастырылды.
Чолпон Сұлтанбекова, Қырғызстан Жогорку Кенешінің депутаты:
- Әлемде геосаяси басымдықтар қайта қаралып, жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдер пайда болған кезде одақтастық қатынастарға, көпжақтыдан екіжақты қарым-қатынастарға баса мән берілуі керек. Осы тұста экономикалық әл-ауқатымызды нығайту үшін бір-бірімізді қаншалықты түсінетіміз өте маңызды.
Модельдік заң жобасының авторлары құжатты әзірлеу барысында өнім өндірісінің барлық аспектілерін назардан тыс қалдырмаған. Стандарттау, техникалық реттеу, сертификаттау мен мемлекеттік бақылау ережелерінің бәрі ескерілген. Енді аталған құжат Түркі елдері Парламенттік ассамблеясы парламент жетекшілерінің қарауына жіберіледі. Пленарлық отырыс Бакуде 5 маусымда өтеді.
Бакыт Чермашев