Қаржыгерлеріміз АҚШ-та тәжірибе алмасты
АҚШ астанасы Вашингтонда Дүниежүзілік банк және Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы Көктемгі сессиясына қазақстандық делегация қатысты.
Оны Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина ӘБілқасымова бастап барды. Ірі халықаралық қаржы институттарының басшыларымен, және АҚШ Сауда палатасымен өткен кездесулер екіжақты және көпжақты экономикалық іс-қимыл мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді. Көктемгі сессия аясында қозғалған маңызды тақырыптардың бірі Қазақстанның тасқыннан зардап шеккен өңірлерін жедел қалпына келтіру. Дүниежүзілік банк өкілдері қолжетімді құралдар арқылы, ел Үкіметіне жәрдемдесуге, дайын екенін білдірді. Тараптар қауіп-қатер мен апаттарды болжау саласында ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.
Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары:
- Біздің делегация еуропалық орталық банктермен, Нью-Йорк федералды резервтік банкімен, сондай-ақ Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк, Еуразиялық қайта құру және даму банкінің басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Біз инвесторлармен, рейтингтік агенттіктермен және басқа да серіктестермен кездестік. Еліміздің макроэкономикалық көрсеткіші мен тасқын мәселесін сөз еттік. Қазақстанға инвестиция тарту, қаржы технологияларын дамыту, Орталық банктің сандық валютасы және басқа да халықаралық маңызы бар сұрақтарды талқыладық.