Су тасқыны салдарынан бизнеске 12,7 млрд теңге шығын келді
Су тасқыны салдарынан шағын және орта бизнеске 12,7 млрд теңге шығын келді.
Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған алдын ала дерек осындай. Шығынға батқандардың үштен бірі ауыл шаруашылығымен айналысқан. Ал өтемақы өтініш пен тиісті құжаттар қабылданған сәттен кейін 5 күн ішінде аударылады.
Су тасқыны қарапайым халықты ғана емес, нәсібін шағын кәсібінен көріп отырғандарды да әуреге салды. Әзірге бизнес субъектілеріне келтірілген шығын 13 млрд теңгеге жуықтағаны белгілі. Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасына 470 шағын және орта бизнес өкілі жүгінген. Мамандар олардың саны арта береді дейді. Демек, шығын көлемі де көбейе түсері анық. Зардап шеккен шағын бизнес иелерінің дені Ақтөбе, Атырау облыстарынан.
Сәттіғұл Сабиров, Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық даму басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі таңда облысымызға 226 өтініш түсті. Оның ішінде зардап шеккен нысандар негізінен дүкендер, наубайханалар, жылыжайлар және басым көпшілігі шаруа қожалықтары болып табылады. Қазіргі таңда өңірлік комиссия құрылуда. Жақын арада қабылданатын болады.
Осы Атырау облысының Жылыой ауданында шығынға батқан кәсіпкерлерге кеңес беру орталығы құрылды. Онда ғимараты бүлінсе, тауарлық шығынға батса немесе қызметтік көліктен айырылған жағдайда қандай құжаттар жинау керектігі толық түсіндіріледі. Мұның уақыт үнемдеуге септігін тигізері сөзсіз. Ал тасқынның салдарын көріп отырған кәсіпкерлерге берілетін қаражат мемлекеттік бюджеттен ғана емес, бюджеттен тыс қорлардан да бөлінеді.
Тимур Нахипбеков, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары:
- Қазіргі таңда 470-ке жуық кәсіпкерлік субъектісі зиян шекті деп есептеп отырмыз. Бұл алдын ала деректер. жалпы сумма 12 млрд теңгеден астам. Негізінен зардап шеккен кәсіпкерлер бізде кіші кәсіпкерлік субъектілері. 160-қа жуық АШ кәсіпкерлік субъектілері зардап шегіп отыр. Бүгінгі таңда ҰКП ҰЭМ бірлесіп, осы келтірілген залалды есептеу, оны өтеп беру бойынша арнайы ережені жасақтады. Кәсіпкерлер шеккен зиянын мемлекет тарапынан өндіретін болады.
Шығындарды арнайы комиссия есептейді. Су алған елді мекендерде негізінен сауда, туризм, ауыл шаруашылығымен айналысқан кәсіп иелері зардап шекті. Мамандар өтемақы алу үшін өтініштер онлайн түрде де қабылданатынын айтады. Қаражат барлық құжат қабылданған сәттен кейінгі 5 күн ішінде аударылады.
Мерей Мұратханқызы