Қытаймен арадағы электронды сауда артып келеді
Қазақстан мен Қытай арасында электронды сауда-саттық күн санап артып келеді.
Қазір сапалы логистикалық қызметке қазақстандықтар ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдерінен сұраныс жоғары. Саланы дамыта түсу үшін Алматы облысында ірі логистикалық хаб салынады. Тың жобаны "Қазпошта" АҚ мен Қытайдың YTO Express Group бірлесіп жүзеге асырады. Қос компания жетекшілері Шанхай қаласында кездесіп алдағы жұмыс жоспарын пысықтады.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Бұл келісімге былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары кезінде қол жеткізілген болатын. Енді сол уағдаластықтарды жүзеге асыратын уақыт жетті. Жоба «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында іске асады. «Қазпошта» Акционерлік Қоғамының өкілдері Қытайдың тез жеткізуге маманданған ең ірі логистикалық операторларының бірімен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында электронды коммерция, көлік және логистика салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Қазақ-қытай компаниялары инновациялық жүйе қалыптастыруды көздеп отыр. Салаға интеллектуалды IT мүмкіндіктерді енгізіп, ақпараттық базаларын біріктірмек. Бұл логистика процесін толықтай автоматтандырып, электронды жолмен саудаланған тауарды кедендік бақылаудан жылдам өтуін қамтамасыз етеді.
Әсел Жанасова, "Қазпошта" АҚ Басқарма төрағасы:
- Ақпараттық жүйелері бір-бірін түсінетіндей 5 компания болсын, 10 компания болсын бұл сәлемдемелерді қай компания алып кетсе де бір-бірін информация +ақпаратты түсіне алады. Сондықтан бірінші жасайтын нәрсе сол стандартты енгізу Қазақстан бойынша. Екіншіден адрестік базамызды жөндейміз.
Сонымен қатар Алматы облысында ірі логистикалық хаб салынады. Жаңа жоба Қазақстанның электронды сауда саласындағы мүмкіндіктерін арттырып, логистика, пошта қызметін жетілдіре түседі. Кездесу барысында қытайлық мамандар жаңа хабтың жобасын таныстырды.
Әсел Жанасова, "Қазпошта" АҚ Басқарма төрағасы:
- «Скай хаб» жаңағы сұрыптау дейміз, дистрибуция дейміз басқа бағыттарға жіберетін. Мұндай Қазақстанда мүлде жоқ осындай бағытта жұмыс істейтін қоймалар. Қойма негізі сақтауға ғана арналған бізде Қазақстанда. Бірақ барлық бағытта бір ғана сағаттың ішінде миллиондаған посылканы сұрыптайтын негізгі қоймалар жоқ. Ол Қазақстанда ең бірінші үлкен қоймалардың бірі болады.
Қазпоштаның мүмкіндіктері қытайлық тарапты қызықтырып отыр. Компания қызметі еліміздің барлық облыс, қала, аудан, мен ауылдарға қол жетімді. 2700 бөлімшеде 20 мыңға жуық қызметкер еңбек етеді. Қытай тарапы жұмыс жүйесін өзара интеграциялауға мүдделі.
Ричард Джоу, Yto Express Group компаниясының халықаралық қатынастар жөніндегі президенті:
- Қазақстандық компаниямен бірлесіп маркетплейстердің жұмысын интеграциялауға кірістік. Жүйені ретке келтіру шаралары аяқталуға жақын қалды. Ақпарат тұтынушыларға қолжетімді, түсінікті болуы маңызды. Жеткізу қызметі аз уақыт ішінде жүзеге асуы тиіс. Бұл бағытта мамандарымыз өзара тәжірибе алмасып жатыр. Логистиканы дамытуға инвестиция салуды көздеп отырмыз.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазір Қазақстанға Қытайдан бір жылда 8 миллион дана сәлемдеме кіреді. Оның өзі төте жолмен емес, өзбек, қырғыз елдері арқылы жетеді. Келіссөз аясында қытайлық алпауыт компаниямен тікелей байланыс орнату жөнінде келісім жасалып құжатқа қол қойылды. Алдағы уақытта 100 миллион сәлемдеге дейін қабылдау жоспарда. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, Орталық Азия елдеріне де қамтуға мүмкіндік береді.
Руслан Бақытбекұлы