Қазақ-қытай тауар айналымы 41 млрд АҚШ долларына жетті
Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық қарым-қатынас нығая түсті.
Екі ел арасындағы өзара тауар айналымы 41 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың Қытайға ресми сапары барысында айтылды. Депутаттар Бейжіңде қытайлық әріптестерімен кездесіп, екі ел арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қазақстан депутаттары қытайлық әріптестерінің жасанды интеллект пен төтенше жағдайларға қарсы күрес саласындағы тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытты. Сонымен қатар трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалануға назар аударды. Айта кету керек, бүгінде қос ел үкіметтері арасында трансшекаралық өзендердің суын бөлу туралы екіжақты келісім әзірленіп жатыр. Тараптар мәдениет, білім беру салаларында да серіктестікті арттыруға мүдделі. Мәжіліс делегациясының ресми сапары ертең Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімші қаласында жалғасады.