Депутаттар даму институттарына аудит жүргізуді талап етті
Депутаттар Қазақстанның ірі даму институттарының жұмысына аудит жүргізуді талап етті, деп хабарлайды 24KZ.
Тек соңғы 3 жылда аталмыш ұйымдар 7 триллион теңгеге жуық сомаға 1,5 мыңнан астам жобаны қаржыландырды. Мәжілісмендер олардың тиімділігіне күмән келтірді. Бюджет қаражатын негізінен сол бір компаниялар алатынын көрсетті. Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын кәсіпорындардың бірі осы уақытқа дейін елге жеткізілмеген қазандық жабдықтарын сатып алуға миллиардтаған ақша жұмсаған. Осыны тілге тиек еткен Нұртай Сабильянов қазына қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту керек деп санайды.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Машина жасау саласына үлкен қаражат бөлініп жатыр. Соңғы 3 жылда бұл бағытқа әртүрлі қаражат көздерінен республикалық бюджеттен 285 млрд теңге бөлінді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ұсақ тораптық тәсілмен тек 13 мың автомобиль шығарылған екен. Бұл 2023 жылғы шығарылған автомобильдердің жалпы көлемінің 9,7% ғана. Қалғандары – сол баяғы өзіміздің «отвертканы» алып, құрастыру. Біздің автопромның әдеті болып бара жатыр. Негізгі локализацияға көңіл бөлінбейді. Міне, осы жағына басты назар аудару керек.