2024-2030 жылдары қай мамандыққа сұраныс артады?

Отандық еңбек нарығына алдағы 7 жылда есепшілер аса қажет болады.

Күзетшілер, инкассаторлар, дүкен сатушыларына да сұраныс артады. Мұндай болжамды Еңбек ресурстарын дамыту орталығы жариялады. Жалпы 25 кәсіп аса қажет мамандықтар тізіміне енген. Тізімде тағы қандай кәсіп иелері бар?

Аталған мамандардан бөлек, білім беру, медицина және мемлекеттік басқару саласының қызметкерлері тапшы болғалы тұр, – дейді сарапшылар.

Сұранысқа ие болатын мамандықтар

Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, елімізде 11 млн азамат еңбекке жарамды деп танылған. Алайда алдағы 7 жылда еңбек нарығына тағы 2 млн маман керек. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы осылай дейді. Олардың болжамына сүйенсек, 2024-2030 жылдары мына кәсіп иелеріне сұраныс артқалы тұр.

2024-2030 жылдары жоғары сұранысқа ие болатын мамандықтар

  1. Есепшілер – 93 мың адам;
  2. Күзетшілер мен инкассаторлар – 77 мың адам;
  3. Дүкен сатушылары – 77 мың адам;
  4. Автокөлік жүргізушілері – 44 мың адам;
  5. Орта мектептегі әлеуметтік пәндер мұғалімдері – 35 мың адам;
  6. Күтім бойынша орташа медициналық персонал – 33 мың адам;
  7. Балабақша тәрбиешілері – 32 мың адам;
  8. Орта мектептегі жаратылыстану пәндері мұғалімдері – 31 мың адам;
  9. Кеңсе қызметкерлері – 30 мың адам;
  10. Бастауыш сынып мұғалімдері – 26 мың адам;

Дереккөз: Еңбек ресурстарын дамыту орталығы.

Алғашқы үштікке есепшілер, күзетшілер мен инкассаторлар және дүкен сатушылары кіреді. Одан соң көлік жүргізушілері, орта мектептегі әлеуметтік пәндер мұғалімдері, медбикелер мен фельдшерлер, балабақша тәрбиешілері, орта мектептегі жаратылыстану пәндері мұғалімдері, кеңсе қызметкерлері және бастауыш мектеп мұғалімдеріне сұраныс артады. Бұдан бөлек, бұл тізімде аспаздар, құрылысшылар, менеджерлер, шаштараздар, сантехниктер мен фермерлер бар.

Дмитрий Шумеков, ЕРДО Болжау департаментінің директоры:

- Жаңа жалдамалы жұмыскерлерге сұраныс 2027 жылы артады. Ол кезде ел бойынша болжамды жылдық қажеттілік 285 мың кадрды құрайды. Жаңа жалдамалы қызметкерлерге сұраныстың келесі кезеңі 2030 жыл болғалы тұр. Ол кезде 288 мың кадр сұраныста болады.

Сондай-ақ сарапшылар: «алдағы 7 жылда халық қалаға көше бастайды», – деп отыр. Осылайша, жалдамалы жұмысшыларға деген сұраныс әсіресе Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жоғары болады. Болжам бойынша 2024-2030 жылдары 3 мегаполиске 600 мыңға жуық маман қажет болмақ.

 

Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы артты

Елімізде халықтың өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы бұл көрсеткіш 75 жасты құрап, соңғы 25 жылдағы рекордты жаңартты. Бұрын қандай еді?

Өмір сүру ұзақтығы

1999 – 65,63 жас

2004 – 66,18 жас

2009 – 68,39 жас

2014 – 71,44 жас

2019 – 73,18 жас

2021 – 70,23 жас

2023 – 75,09 жас

Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы.

Осыдан 25 жыл бұрын бұл көрсеткіш 65 жас шамасында болған. 2019 жылы 73 жасқа жеткен. Алайда пандемия жылдары күрт төмендеп, өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін түсті. Соңғы көрсеткіш, бұл шамадан 5 жасқа артық.

Қалалық жерлерде өмір сүру ұзақтығы ауылдық жерлерге қарағанда 1,5-2 жасқа жоғары. Әйелдер үшін 79 жас болса, ерлер үшін 71 жас шамасында.

Еліміздің өңірлері арасында өмір сүру ұзақтығы Астана мен Алматы қалаларында ең жоғары. 2023 жыл бойынша 78 жасты көрсетті. Үштікті Шымкент қаласы қорытындылайды. Атырау, Жамбыл, Маңғыстау облыстарындағы көрсеткіш те орташа шамадан жоғары. Ал Қазақстан бойынша ең төменгі көрсеткіш Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында.