Каспий теңізі арқылы кабель тартылады
Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан энергетикалық жүйелерін біріктіреді, деп хабарлайды 24KZ.
Осы мақсатта ынтымақтастық жөніндегі үшжақты меморандум бекітілді. Келісімге Ташкент инвестициялық форумы алаңында қол қойылды. Жиынға 3 елдің Энергетика министрлері қатысып, өзара әріптестіктің негізгі шарттарын талқылады. Мақсат – Еуропаға «жасыл» энергия экспортын жүзеге асыру. Жоба аясында Каспий теңізінің түбімен Қазақстан арқылы жоғары вольтты кабель тарту көзделген. Сосын сол арқылы энергетика жүйелерінің бір-бірімен байланысы орнайды. Алдағы уақытта жаңартылған қуат көзі саласында қай мемлекеттің қаншалықты әлеуеті бар екені ескеріліп, күн, жел және су электр станцияларын іске қосуға арналған жаңа инвестициялық келісімдер жасалмақ. Мамандар бұл істің техникалық мүмкіндігін толыққанды зерделейтін болады. Қазақстанның Энергетика министрі жобаны іске асыру бойынша базалық механизмдер талқыланып, барлық тараппен келісілгенін атап өтті.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Базалық механизмдерді алдын ала талқылап, барлық тараппен келістік. Техникалық тапсырма шеңберінде халықаралық трансмиссиялық дәліздерді дамыту және Еуроодақ елдеріне жасыл энергияны сату үшін жобалық бизнес-модель әзірленетін болады. Жоғарыда айтылғандардың негізінде 3 ел энергетикалық жүйелерін бір-бірімен байланыстыру жөніндегі ынтымақтастық меморандумына қол қойды.