Жетісайлық шаруалар тұт ағашын өсіру арқылы жібек құртын өндіреді
Түркістан облысында жібек кластері пилоттық жоба ретінде дамиды.
Жетісайлық шаруалар тұт ағашын өсіру арқылы жібек құртын өндіреді.
Былтыр Өзбекстанның Әндіжан қаласынан жапондық «Ашима» сортының алғашқы 10 мың данасы әкелініп егілген. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тапты.
Биыл Мақталы ауылдық округінде 25 гектарға тұт ағашының «Мархаба» сортының 250 мың түп көшеті егілді. Шыбық тез өніп жетілуі үшін бойы біркелкі кесілді. Әрі тамшылатып суару жүйесі енгізілген.
Айнарбек Мырзабеков, шаруашылық бригадирі:
- Қазір суарып жатырмыз, негізі бұны тамшылатып суғару керек. Оған қазір асығыстау болғаннан кейін арықпен суғарып жатырмыз. Биыл 3-4 рет су ішеді. Келесі жылдары суды аз қабылдайтын тал өзі. Тұт деген ағаш дренаж сияқты жердің сорын алып, жерді жақсартады.
Ауылда жібек өндірісін дамытуға 6 кәсіпкер қызығушылық танытқан. Олар жерін күзгі ағаш егу науқанына дайындап отыр. Жауаптылар тұт ағашының бойы қысқа, бірақ жапырағы үлкен болатынын айтады.
Мұрат Қонысбеков, Мақталы ауылдық округі әкімі аппаратының жер инспекторы:
- Жылына екі рет, маусым және қыркүйек айында қырқылады жапырағы. Алғашқы жылдары 10 тонна, екінші жылы 30 тонна, үшінші жылдары 50 тоннаға дейін жапырақ береді. Күзге қарай шаруалар жалғасын табады деп отыр. Бізге келіп жазылды. 200 гектардай жерге егеміз деп отыр.
Тұт ағашының жапырағы – жібек құртының негізгі азығы. Жібек талшығынан тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланатын мата өндіріледі. Аудан басшылары жібек кластерін дамыту бойынша өзбекстандық әріптестерімен келісім шартқа отырған. Көршілер әзірге жапырақтың бір келісін 50 теңгеден, ал жібек құрты өндірген шикізатты 600 теңгеден сатып алмақ. Ал тұт ағашы егілген алқаптың көлемі артса, осында зауыт салуға ниетті.
Данияр Толыбаев, Жетісай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Біз биыл 200 гектар бау ұйымдастыратын болсақ, келесі жылы Өзбекстаннан инвесторлар келіп, бізге зауыт салып, алдағы уақытта жібек өндірісін, жібек матасын өндіруге қол жеткізетін боламыз. Шаруа қожалықтар 1 гектар жерден 2 млн-нан аса пайда табатын мүмкіндіктері бар екен. Бұл өте жақсы табыс көзі деп есептейміз. Сондықтан біз шаруаларды тұт шаруашылығымен айналысуға шақырып отырмыз.
Өңірде тоқыма өндірісін дамыту мақсатында бақ көлемін 400 гектарға жеткізу межеленген. Жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландырылады. Кәсіп жаппай қолға алынатын болса, аудан экономикасының дамуына септігі тиетіні анық. Себебі жібек өндірісі - әлемдегі ең табысты кәсіптің бірі. Мамандар бір тонна таза жібек талшығы нарықта 5 мың АҚШ долларға бағаланатынын айтады.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов