Маңғыстау өңірінде кәсіпкерлік дамып келеді
Маңғыстау облысының тұрғындары аймақта теңдесі жоқ жобаларды жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Мысалы, Жаңаөзенде үй жағдайында биотыңайтқыш өндірісі жолға қойылса, Қызылсай ауылында гипс өндіретін шағын цех іске қосылды. Мемлекет қолдауымен кәсіп ашып, жұмыс берушіге айналғандар жерлестеріне тұрақты табыс көзін ұсынып отыр.
Жаңаөзен тұрғыны сарайының жертөлесіне төрт түлік тезегін жинап, оған калифорния құрттарын жіберген. Құрттар көңді жеу арқылы құнарлы топырақ шығарады. Осылайша, биогумуска айналған қара топырақ арнайы сүзгіден өтеді.
Болат Тұланов, кәсіпкер:
- 2018 жылы 10 млн теңге несие алдым. Төмен пайызбен, осы бағыт бойынша. Дайындалып жатырмыз қазір, ассортиментін көбейтуге. Кішкене болса да, экологияға септігімізді тигізіп отырмыз деген ойдамыз.
Ал Қызылсай ауылының 10-нан астам тұрғыны табиғи гипс шығаратын цехта жұмыс істейді. Шикізат жақын маңдағы карьерден тасымалданады. Ірілі-ұсақты тастар цех ауласында үгітіледі. Конвейермен газ пешке түсіп, 2 мың градуста өртеледі. Ұн тәріздес құрылыс материалы үккіштен өткізіліп, полиэтилен қапшыққа салынады. Шағын цех айына 200 тонна гипс өндіріп отыр.
Аманбай Көбейсінов, Қызылсай ауылының тұрғыны:
- Атырауда Тенгизде істедім, жабылып қалды ол мекеме. Сосын қысқартуға түскесін, мына жаққа келдім. Осында екі айдан бері жұмыс істеп жатырмын, айлықты уақытында алып тұрмыз. Жалақы – 120 мың. Бонус шығады сосын.
Нұрберген Худибаев, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары:
- «Жаңаөзен қаласында кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орнын құру» деген Үкіметтің Жол картасы бар 2022-2024 жылға, соның аясында комиссия құрылып, осы қаладағы бизнес жобаларды тобы құрылған болатын. Осы бағытта 14 жоба іске асырылды. 443 жұмыс орны құрылды.
Маңғыстаудағы мал етін өндіретін жалғыз кәсіпорын Жаңаөзенде орналасқан. Мұнда 160 адам еңбек етеді. Басым бөлігі әлеуметтік бағдарлама арқылы қабылданған. Ет комбинатына төрт түлік Орал және Ақтөбеден жеткізіледі. Бір айда 360 тонна ет өнімін әзірлейтін мекеме Жаңаөзен мен Ақтауда дүкендер желісін іске қосып жатыр. Жоба аясында 61 жұмыс орны құрылмақ.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.