БАӘ резиденттерінің Қазақстанға визасыз саяхаттауы қарастырылып жатыр

Біріккен Араб Әмірліктерінің резиденттері үшін Қазақстанға визасыз саяхат жасау мәселесі қарастырылып жатыр.

Өйткені соңғы кездері Әмірліктерде өмір сүретін өзге ұлт өкілдері тарапынан елімізге келіп демалуға қызығушылық артқан. Бұл туралы Қазақстан мен Әмірліктер туристік компанияларының кездесуінде айтылды.

Былтыр елімізге Парсы шығанағы мемлекеттерінен 30 мың турист келді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Skyscanner әлемдік іздеу жүйесі Қазақстан Рамазан айында Біріккен Араб Әмірліктері тұрғындары үшін ең танымал туристік бағытқа айналғанын жариялады.

Айша Шәкенова, туристік оператордың бөлім басшысы:

- Көрме аясында көп шетелдік серіктес тауып жатырмыз. Оман, Катар Бахрейн, Кувейт және Сауд Арабиясынан өте көп отбасы және одан соң үлкен топтық туризм дейміз, 50-80 адамға дейін келетін топтар болады. Сол кісілердің барлығына Алматы, Астана, Ақтау және Шымкент, Түркістан қалалары бойынша туристік қызметтерді көрсетіп жатырмыз.

Шетелдіктерге Қазақстанның ең көрікті жерлері мен демалыс орындары таныстырылды. Биыл роуд шоуды ұйымдастырушылар Астанаға айрықша көңіл бөліп отыр.

Қыркүйекте өтетін Көшпенділер ойынына шақырып, екі елге ортақ құндылықтар арқылы туризмді жандандыру көзделген.

Бүгінде екі ел азаматтары визасыз режим негізінде 30 күнге дейін емін-еркін саяхаттай алады. Бірақ қазір Әмірліктер жерінде өмір сүретін өзге ұлт өкілдері де еліміздегі экотуризмді көруге құмартып отыр.

Аарон Ким, саяхатшы:

- Мен мына экран арқылы Қазақстанның табиғаты мен әдемі жерлерін көріп, жақын арада еліңізге саяхаттап барып қайтуды шештім. Әуелі Астананы, кейін Алматыға сапар шегіп, көрікті жерлерді өз көзіммен көргім келеді. Мені жылы қабылдайды деп ойлаймын. Тіпті біздің түр-әлпетіміз де ұқсайды екен.

Жиналғандар қазақтың күйін тыңдап, дәстүрлі тағамынан дәм татты. Шара екі елдің туристік компанияларының кездесуімен жалғасты.

Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Ералы Тілеуіш.