Ақтөбе облысында кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейді
Хромтауда соңғы бір жылда жаңадан 700-ге жуық кәсіпкерлік нысаны ашылды.
Моноқаладағы шағын және орта бизнестің осында қарқынмен дамуына «Өркен» бағдарламасы септігін тигізген. Өңірлік жоба ірі кәсіпорындармен тұрақты іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Хромтауда құтыларға құйылған жергілікті ауызсу шығарыла бастады. Бұған дейін ірі кәсіпорындар тіршілік нәрін облыс орталығынан немесе өзге өңірлерден сатып алатын. Енді «Өркен» бағдарламасының арқасында шағын цех ашылып отыр. Мұнда тәулігіне 3 мың бөтелке су шығарылады. Қазір шаһар іргесіндегі тау-кен комбинатымен қатар бірнеше мұнай компаниясы Хромтаудың суын тұтынады.
Бекзат Дауылбаев, өндіріс операторы:
- 5 литрлік бар, 19 литр бар, 1 литр бар, бір жарым литр бар. Шамамен 5 адам жұмыс жасайды өзі бар жоғы. Екі аппарат бар. екі аппараттың қазір біреуі жұмыс істеп тұр. Біреуі бос тұр. Қосымша 5 адам бар олар екінші линияға шығады. Түнгі сменге.
«Өркен» бағдарламасының ықпалымен облыста 73 жаңа бизнес нысаны ашылып, өндіріс қуаттылығын кеңейте алды. Мысалы аудан орталығындағы сүт зауыты 3 пайызбен жеңілдетілген несиеге рефрижираторлы көлік алып, өнімін өзге өңірлерге шығарды.
Александр Мысник, өндіріс цехының басшысы:
- Хромтау халықаралық жолдың бойында орналасқандықтан логистикалық тұрғыдан ұтымды тұстары көп. Біз тауарымызды Ақтөбеден бөлек Астана, Қызылорда, Атыраудағы сауда орындарына жеткіземіз.
Ірі кәсіпорындар мен шағын бизнестің дәнекері болған бағдарлама кәсіпкерлікті дамытуға 1 млрд 600 млн теңге бөлді. Облыстық және республикалық бюджеттен бөлек жергілікті алпауыт өндіріс ошағы өз есебінен 500 млн теңге берген.
Талғат Болысбаев, Хромтау аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Бағдарламаның негізгі мақсаты Хромтау моноқаласында тіркелген барлық кәсіпкерлер үшін арналған. Жаңадан ашылғаны да қатыса алады, сонымен қатар кәсібін жүзеге асырып келе жатқан және оны әрі қарай дамыту мақсатында бағдарламаға қатысып, өз кәсібін дамытуға толық мүмкіндік беретін бағдарлама.
Хромтаудағы 30 мыңға жуық тұрғынның жеті мыңы шағын және орта бизнес саласында еңбек етеді. Аудан орталығында 2434 кәсіпкерлік нысаны бар. Олардың 700-ге жуығы соңғы бір жыл ішінде ашылған.
Мансұр Есқожин, Айнадин молдабеков, Айбек Даутов