Атырау облысында 120 маман «Дипломмен ауылға» аясында жұмысқа орналасады

Атырау облысында биыл 120 жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасады.

Олардың басым бөлігі білім беру және денсаулық сақтау саласында еңбек етпек. Былтыр Жылыой ауданының өзінде 20 жас маман жұмысқа орналасып, бағдарлама аясында үшеуі баспаналы болған. Биыл облыс бойынша 38 маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие беру жоспарланып отыр.

Жас мамандарға қолдау көп. Қызылордалық Сахи Дәруіш Жылыой ауданына отбасымен жақында көшіп келді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында Құлсары қаласының іргесіндегі Жаңа Қаратон кентіне жұмысқа орналасты. Гір тасын көтеруден спорт шебері енді бір жолғы көтерме жәрдемақы мен баспана алуға қажетті қаражатты күтіп отыр.

Сахи Дәруіш, гір көтеруден спорт шебері:

- Жақында осы Құлсары қаласына келіп, Жаңа Қаратон деген кентіне жұмысқа орналастым. Алдағы уақытта мақсатым осы Құлсары қаласының жас балаларын күшке дайындап, алдағы уақытта мықта спортмендер шығарамын деп ойлаймын.

Жылыой ауданында былтыр 20 жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан. Олар денсаулық сақтау, білім беру және спорт саласында еңбек етіп жатыр.

Анаргүл Жанаева, Жылыой аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- 17 маманға 2 млн 415 мың теңге көтерме жәрдемақы төленіп, 3 маман тұрғын үй сатып алуға 15 млн 525 мың теңге бюджеттік кредит бөлініп, білім саласының 2 маманы Жаңа Қаратон кентінен және Ақкиізтоғай ауылдық округінен, спорт саласының бір маманы Қосшағыл ауылдық округінен үй сатып алды.

Биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасатын 120 жас маманға көтерме жәрдемақы төлеу үшін 44 млн теңге бөлінді. Ал үй алуға ниетті 38 жасқа 329 млн теңгеге жуық қаражат қарастырылған.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин