Ақмола облысында 5 млн гектар алқапқа дән себіледі
Көктемгі егіс науқанын тиісті мерзімде әрі сапалы өткізу керек. Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған Олжас Бектенов салаға жауаптыларға осындай міндет жүктеді.
Үкімет басшысы көктемгі егіс науқанының барысын тексеріп, шаруалармен кездесті. Сонымен қатар бірқатар кәсіпорындардың техникалық базасымен танысты.
5 млн гектар алқапқа дән себіледі
Елімізде өсірілетін бидайдың 25%-і Ақмола облысы шаруаларының үлесінде. Биыл диқандар 5 миллионнан астам гектар алқапқа дән себуді көздейді. Қазір – егіс науқанының қызып тұрған шағы. Диқандар жарты миллион гектардай жерді игеріп үлгерді.
Ерлан Тоқанов, серіктестіктің бас директоры:
- Тұқым қоры жеткілікті. Арзандатылған жанар-жағармай да алдық. Қазір 4 мың гектарға жуық алқапқа күнбағыс пен мың гектардан астам жерге дәнді-дақылдар себілді. Бір мезетте егу алдындағы өңдеу жұмыстары да жүріп жатыр.
Шаруалар Үкімет басшысына субсидициялауға қатысты сұрақтар қойды. Олжас Бектенов жергілікті сала мамандарына жеңілдетілген несие мен диқандардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету жөнінде міндет жүктеді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазір 580 млрд теңге бөлінді. Оның 400 млрды ешқандай делдалсыз беріледі. Дизель отынымен де көмектесеміз. Мемлекет тарапынан барлық қолдау жасалады.
Жылу құбырлары жаңартылады
Ал Көкшетаудағы жылу құбырлары 43%-ке ескірген. Оны жаңартуға 9 миллиардан астам теңге қажет. Осы мақсатта Үкіметтен қосымша 816 млн теңге бөлінді.
Бауыржан Ғайса, Көкшетау қаласының әкімі:
- Бұл бізге 2 бу қазандығын жөндеуге мүмкіндік береді. Қаладағы ескі жылу желілерін де жаңартамыз. Жалпы осы жөндеу жұмыстарын жүргізу апаттық жағдайды азайтуға және жылыту маусымында халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге жағдай жасайды.
Қаладағы жылу орталығы 1998 жылы салынды. 56 мыңнан астам тұрғынды жылумен қамтиды. Үкімет басшысы жөндеу жұмыстарына тағы қосымша қаражат қаралатынын атап өтті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Алдағы уақытта тағы қаржы бөлуге тырысамыз. Бізде Көкшетау, Степногорск және Атбасар қалаларының жылу желілерін жаңғырту туралы жоспарымыз бар. Соған сәйкес жұмыс жүргізіледі.
О. Бектенов: Өңірдің өндірістік әлеуеті зор
Премьер-министр Макинск құс фабрикасына да барды. Жыл басынан бері мұнда 20 мың тоннаға жуық ет өндірілді. Қазір фабрика өз өнімін ішкі нарықтан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейге экспорттайды. Ал мына зауыт жылына 90 миллион кірпіш шығарады. Материалдық базасы жоғары деңгейде. Соңғы бір жыл ішінде өнім көлемін 16%-ке артқан. Сапар соңында Үкімет басшысы жергілікті билік өкілдеріне аймақ экономикасын дамыту мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқару қажеттігін тапсырды.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.