Павлодар облысында майлы дақылдың үлесі артады
Биыл Павлодар облысының диқандары 1,5 миллион гектардан астам алқапқа дән сеппек, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл былтырға қарағанда 20 мың гектарға артық. Осылайша, шаруалар майлы дақылдарға басымдық беру арқылы егістік көлемін ұлғайтқан. Осы күнге дейін 260 мың гектар жерге тұқым егілді. Барлық шаруа қожалығы жанар-жағармай және техникамен қамтылған. Диқандар былтырғы құрғақшылық салдарынан тұқым қорын жеткілікті деңгейде жинай алмады. Осыған байланысты 30 мың тоннадай тұқымға сұраныс туындап, бұл мәселе субсидия арқылы шешімін тапты.
Есентай Мұрсалимов, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Ақпан айында шамамен 2 млрд теңгеге жуық былтырғы субсидияны төлеп бердік. Бұл ауылшаруашылық өнімін өндірушілерге Ресей Федерациясынан және еліміздегі кәсіпорындардан элиталық тұқым сатып алуға мүмкіндік берді. Жаңа маусымға 800 миллион теңге субсидия бөлініп, қажетті тұқым қоры алынды.