Құрылыс саласында монополия жойылады
Құрылыс саласында монополия жойылады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі компаниялардың шамадан тыс тапсырыс алуына шектеу енгізбек. Бұл қомағай кәсіпкердің аптығын басып, қатысатын байқауын мұқият таңдауға түрткі болады. Өйткені тым көп тендер алғандар келесі конкурстан қағылуы мүмкін. Яғни алыптардың көлеңкесінде қалған компаниялардың да үлесі көбейе түседі деген сөз. Салада тағы қандай өзгеріс бар?
Өндіріс шағын ауданында мың жарым оқушы бар. Олардың дені №12 және №23 мектептерге барады. Ал онда сыймағаны қаланың басқа аудандарына қатынап оқуға мәжбүр. Сондықтан жаңа білім ошағы салынатыны туралы жаңалықты тұрғындар қуана қабылдады. Бірақ 2022 жылы басталған құрылыс жұмыстары мердігер ауыса бергендіктен тұралап қалды.
Қарлығаш Набиюлина, қала тұрғыны:
- Бірінші мердігер компания былтыр маусымда барлық жұмысты аяқтауы керек еді. Міне бір жыл өтті. Мектептің кем-кетігі әлі көп. Ішкі әрлеу жұмыстары аяқталмаған. Ауладағы спорт алаңқайларының орны бос тұр. Балалар биыл да басқа аудандарға барып оқи ма енді?
Бұл сұрақтың жауабын ешкім дөп басып айта алмайды. Құрылысқа жауапты мердігермен сұхбаттасудың сәті түспеді. Бірақ сарапшылар мұндай сақалды құрылыстардың себебі ортақ дейді. Көбіне қаржының дұрыс бөлінбеуі бекітілген кестеден кешігуге түрткі болады. Ал өз қаражатымен жұмыс істеуге кәсіпкерлердің шамасы жете бермейді. Әрине бас пайдасы үшін әдейі созбалаңға салатын мердігерлер де бар екенін жасырмайды. Олар инфляцияны алға тартып, тапсырыс берушіге қосымша қаржы бөлдіруді әдетке айналдырған-дейді маман.
Дидар Смағұлов, "Әділдік жолы" РҚБ атқарушы директоры:
- Келісім-шарттың мерзімі жылдың аяғына дейін, мысалы. Ал сенде кестеде осы күнге дейін мысалы бес қабат үй болуы керек. Ол үй жоқ. Сотқа барсаң сот айтады, уақыт әлі бар. Күтесіңдер. Болды. Желтоқсанда олар қайтадан келісімшарт жасайды. Әкіммен бірге ғой, әкімшіліктермен бірге. Сондықтан жобалар осылай созылады. Ал қазір егер кестеге уақытында жұмыс істемесе болды бұл бір негіздеме болады сотқа барып, басқа бір айыппұлдарды салуға.
Кей компаниялар бірнеше тендерді ұтып алып, барлығын қатар алып жүруге мүмкіндігі жетпей жатады. Сондықтан қолданыстағы нормаларда монополияны жою механизмдері бар. Рейтингтік-балдық жүйеде компанияның жүктемесі есепке алынады. Бірнеше тендері бар құрылысшылардың балы кеміп, шартты жеңілдік көлемі азаяды. Бұл ірі мекемелердің нарықтағы беделін пайдаланып қымбат тендерлерді алуына тосқауыл болу керек. Бірақ бұл механизмдерді әлі де жетілдіре түсу керек дейді мамандар.
Виктор Микрюков, Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының төрағасы:
- Жаңа үйге көшіп келген тұрғындар құрылыстың сапасыздығын айтып шағымданып, бұл фактілер дәлелденсе, компанияның рейтингі төмендеуі керек. Сонда жұмысын сапалы атқарғандарға сұраныс жоғары болады. Яғни, өз ісіне жауапты мекемелер ғана көбірек тапсырыс алып, дамуға тиіс. Осылай нарықта әділ бәсеке орнайды.
Алайда шағын бизнес өкілдері қымбат тендер алуға талпынбайды. Өйткені, қаржылық тұрақтылық, материалдық база, қызметкер саны, техникалық мүмкіндіктер бойынша олардан оқ бойы озып тұрған алпауыттар бар. Мемлекеттік сатып алудың майлы лоттарын иемденіп отырған бұл монополистер байқауды қиналмай ұтады. Бірақ, тапсырысты қосалқы мердігерлер орындайды . Яғни, ірі ойыншылар мемлекет пен бизнес арасында делдал боп отыр. Енді бұл құйтырқы әрекеттің де жолы кесіледі.
Даурен Кеңбеил, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Заң жобасында қосалқы мердігерге берілетін жұмыс көлеміне шектеу қойдық. Осыған дейін бас мердігер міндетінің тең жартысын кішірек компанияларға тапсыра алса, енді бұл үлес 30 пайыздан аспайды. Және өнім берушінің тапсырыс алған өңірде ресурстары болуын міндеттейтін талап енгіздік. Мысалы, Ақмола облысында құрылыс салатын мердігердің сол аймақта материалдық базасы, қызметкерлері болуы шарт. Сонымен қатар, жергілікті компанияларға қосымша бал беріледі. Ол үшін заңды тұлға сол аймақта кемінде бір жыл тіркеуде болуы тиіс.
Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қомағай компаниялардың тендерге қатысуын шектеу керек деп санайды. Яғни мекемеге өзі көтере алмайтын шоқпарды беліне байлатпайтын тетік қарастырылып жатыр.
Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы:
- Компанияның мүмкіндігі 10 нысанды қатар алып жүруге жетеді делік. Дәл қазір ол мекеме жеті жерде құрылыс жүргізіп жатса, тағы бірнеше байқауға қатысуына болады. Ал мүмкіндігі үш нысанға жететін шағын компания 3-4 конкурспен шектелуі керек. Өйткені оның жүктемесі бастан асып кетеді.
Нәтижесінде құрылыс компаниялары өз міндетін сапалы әрі уақтылы орындауы тиіс. Бұл механизмді мемлекеттік сатып алу жүйесіне енгізу жоспарланған.
Серік Селеубайұлы, Бауыржан Ебелеков