Қазақстан мен Өзбекстан Ауғанстан арқылы өтетін транзит дәлізін құруға мүдделі
Қазақстан мен Өзбекстан Ауғанстан арқылы өтетін транзит дәлізін құру жобасын дамытуға мүдделі, деп хабарлайды 24KZ.
Әлемдегі геосаяси ахуал бұл істі барынша ширатуды қажетсініп отыр. Ауқымды жобаға іргедегі өзге де мемлекеттер атсалысуға ниетті.
Ал мұның пайдасы қандай? Транзиттің қауіпсіздігіне кім кепіл?
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Қазақ пен өзбектің халықаралық көлік қатынасын дамытуға қатысты көзқарасы көбіне ұқсас. Соның ішінде трансауған теміржолын құру жобасы қос тарап үшін де аса маңызды. Ол Орталық Азияны Ауғанстан және Пәкістан, одан кейін Парсы шығаны елдерімен алыс-беріс тұрғысынан байланыстырады. Ал сауда-саттықты ұлғайту – біздің мемлекет көздеп отырған стратегиялық мақсаттың бірі. Тек кейінгі 2 жылда Қазақстаннан Ауғанстанға бағытталатын экспорттық тасымал 14%-ке өскен.
Риззат Тасым, экономист (Қазақстан):
- осы жоба арқылы экспорттық мүмкіндікті 40%-ке ұлғайтуға мүмкіндік бар Қазақстан үшін. 2029 жылдарға қарай ол тағы 3 есе өседі деген сөз бұл. Ал енді Қазақстанға стратегиялық мақсат қойылды ғой ЖІӨ-ні екі есе ұлғайту бойынша. Сондықтан осы жобаға Қазақстан атсалысқысы келіп отыр.
Ұзындығы 600 шақырымға жуық «Термез – Мазари Шариф – Кабул - Пешавар» трансауған теміржолын жүзеге асыру жобасына 2021 жылы Өзбекстан, Пәкістан және Ауғанстан тарапы қол қойған. Алайда қаржы тапшылығы және ауған жеріндегі саяси жағдайға байланысты құрылыс қолға алынбады. Өткен жылдан бері келіссөз қайта жанданды. Өзбекстан билігі жобаны қаржыландыруға мүдделі араб мемлекеттерімен түрлі форматта кездесулер өткізді. Жобаға қатысуға Қазақстан да дайын. Ол сауда жолдарын әртараптандыру жөніндегі біздің ел мүддесіне сай келеді.
Мұрат Икрамов, Ташкент экономика университетінің профессоры, сарапшы:
- Үнді мұхитына тікелей дәліз ашатын елдің бірі – Ауғанстан. Кез келген тасымал сол жол өтіп жатқан мемлекетке пайда әкеледі. Демек, ауған тарапының бұл жобадан ұтары кем болмайды. Жалпы Орталық Азияға да берері мол болмақ. Қазақстан мен Өзбекстан осы жобаға қаншалықты мүдделі болса, трансауған дәлізі мәселесінің шешімі де соншалықты оңай болады.
Айта кетейік, Орталық Азия мен Оңтүстік Азияның әзірге құрлықта түйісетін тікелей көлік дәлізі жоқ. Ауғанстан географиялық ерекшелігіне қарай осы олқылықты жоюға қабілетті. Ал Қазақстан мен Өзбекстан жобаны жеделдетуге бірлесіп күш салады. Екі ел сарапшыларының айтуынша, жобаға Ресей де қатысуы мүмкін.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Бұл істе енді Ауғанстандағы саяси жағдайдың тұрақтылығы әрі қауіпсіздіктің тиісті деңгейде қамтамасыз етілуі маңызды. Ресми Кабул бұған өзіндік тұрғыда кепілдік беріп, құрылысқа барлық мүдделі тарапты шақырып жатыр. «Алдағы уақытта келіссөз әлі де жалғасады және оның нақты нәтиже беретін күні алыс емес», - дейді сарапшылар.
Авторлары: Рауан Мыңбаев