Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын екі есе ұлғайтуға ниетті
Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 912 миллион долларға жетті, деп хабарлайды 24kz.
Біздің тарап тағы 265 миллионға экспортты ұлғайтуға ниетті. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов пен Беларусь әріптесі Роман Головченко арасындағы кездесу кезінде айтылды. Минсктегі басқосуда сауда-экономикалық, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Қазір қос мемлекет арасында ауыл шарушылығы саласында 200 миллион долларға 11 бірлескен жоба іске асырылып жатыр. Олжас Бектенов Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысынан бөлек «Белагро-2024» халықаралық көрмесі мен «Еуразиялық экономикалық одақтың азық-түлік қауіпсіздігі» пленарлық сессиясында сөз сөйледі. Үкімет басшысы еліміздің 2026 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын екі есе ұлғайтуға ниетті екенін айтты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазақстанның стратегиялық дамуының басымдықтарының бірі – бұл агроөнеркәсіп кешені. Біздің мақсат – ауыл шаруашылығы саласын ішкі сұранысты толық қамтамасыз ететіндей деңгейге жеткізіп, экспорт көлемін арттыру. Қазақстан әлемде азық-түлік экспорттаушыларының ең үздік 25 елінің қатарына кіреді. Отандық ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 80 мемлекетіне жеткізіледі. Соның ішінде Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ елдері де бар. Экспорт көлемі кейінгі 5 жылда екі есеге өсіп, 5,4 миллиард долларға жетті.