Лондонда Орта дәліз көпжақты даму жобасы талқыланды

Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Грузияның Ұлыбританиядағы елшілері қаржы және бизнес саласының өкілдерімен бірігіп, Транскаспий халықаралық көлік жолының бүгіні мен болашағын саралады, деп хабарлайды 24KZ.

Орта дәліз – Қытайды Еуропамен байланыстыратын автомобиль, теміржол және теңіз жолы. Ол Орталық Азия, Каспий теңізі, Оңтүстік Кавказ және Түркия арқылы жүріп өтеді. Жоба – Ресейдің Транссібір бағытына балама және мыңдаған шақырымға қысқа жол. Халықаралық қауымдастықтың Орта дәлізге деген қызығушылығы жоғары.

Дэвид Моран, Ұлыбританиядағы Каспий саясаты орталығының кеңесшісі:

- Бүгін үкімет, қаржы, бизнес қауымдастықтың және сарапшылардың басын біріктіріп, Орта дәлізді қалай жетілдіре аламыз деген сұраққа жауап іздедік. Ақпарат алмасу, су ресурстарын басқару және энергетика мәселелері бойынша әріптестік орнатуға бекіндік.

Шарада жобаға қатысушы елдер тарапынан Орта дәлізге толық қолдау бар екендігі туралы анық айтылды. Сарапшылар техникалық тұрғыда түсіндіруді қажет ететін сұрақтарға жауап беріп, бұл жай ғана идея емес, жолға қойылған, қолданыстағы жол екені жеткізілді.

Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі:

- Мен өз сөзімде Орта дәлізді жетілдіру керектігіне тоқталдым. Ол баламалы, қосымша немесе қайталама емес, дербес әрі толық сауда жолы болуы қажет. Тауарларды шығыстан батысқа, батыстан шығысқа жеткізу әдістерін әртараптандыруға аса мән берілуі маңызды. Халық жобаның әлеуеті жоғары екенін түсінуі керек.

Осман Корай Эрташ, Түркияның Ұлыбританиядағы елшісі:

- Қазір біз жолдардың өткізу қабілетін арттырып, кедендік кедергілер болса, оларды азайтудың амалын жасап жатырмыз. Бұл жұмыстардың барлығы Түркі мемлекеттерінің ұйымы және Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында жүзеге асып отыр.  

Шараға қатысушылар пікірталасқа белсенді араласып, таныстырылымдарды тамашалады. Транскаспий халықаралық көлік жолына тікелей және жанама қатысы бар мемлекет, сондай-ақ бизнес өкілдері жобаның сәтті жүзеге асып, жетілуін қалайтындықтарын айтты. Қаржы институттары мен бизнес өкілдері де өз ойларын ортаға салды.

Нигяр Джафарова, FrontierView компаниясының cарапшысы:

- Бизнестің жобаға деген қызығушылығы артып жатыр. Өйткені Украинадағы жағдайға байланысты Солтүстік дәліз істен шығып, көптеген компания тауар тасымалымен айналыса алмай қалды. Орта дәліз олар үшін ерекше мүмкіндіктерге жол ашты. Бизнестерін жалғастырып, сауда қатынастарын әртараптандыруға жағдай жасады.

Зерттеулерге сәйкес Орта дәлізді дамыту Орталық Азия, Кавказ елдері мен Түркия экономикасын тәуелсіз етіп, әлеуетін арттырады. Ендігі міндет – халықаралық көлік жолының ауқымын кеңейтіп, саяси-экономикалық және экологиялық тұрғыда тұрақты дамитын әрі сенімді жобаға айналдыру.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.