Түркістан облысында «Ауыл аманаты» аясында 75 кооператив құрылды
Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасымен 75 кооператив құрылды.
Үш жарым мың жұмыс орны ашылып, 30 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов бағдарлама аясында атқарылған жұмыстармен танысты. Қазір облыстағы бір миллионнан астам тұрғынның әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығына тәуелді. Сол себепті тек мал шаруашылығы емес, өзге де салаларға басымдық беру керектігіне тоқталды Ералы Тоғжанов. Жауапты басқармалар мен ауылдық округ әкімдеріне жобаны талапқа сай іске асыруды міндеттеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» ауылдықтардың табысы мен әлеуметтік жағдайын жақсаруға сеп болатынын жеткізді.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі:
- Бұның бәрі халықты болашақта ауылда алып қалуға мүмкіндік жасаудың үлкен шаралары. Себебі бір Ақтөбе облысында соңғы 3 жылда ауылдан 17 мың адам көшіп кеткен. Алып қалудың бір-ақ жолы бар, ол халыққа жағдай жасау керек. Ең алдымен жұмыс орнын беру керек. Олардың қаржысын көтеруге мүмкіндік жасау керек, табыс көзін. Сондай жағдайды осы «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру арқылы жүзеге асырамыз деген ойымыз бар.