Шыны зауытының әлеуеті зор

Тәуелсіздік алғалы Қызылорда облысының экономикасына 4 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды.

Аграрлық өңірден индустриялық аймаққа айналу бағытындағы ауқымды жобалардың бірі – шыны зауыты. Қытай тарапынан 40 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылған өндірістік желі жылына 200 мың тоннаға жуық шыны табақшасын шығарады. Кәсіпорын өнімі Орталық Азия мемлекеттерімен қатар Грузия, Әзербайжан, тіпті Балтық жағалауы елдеріне экспортталып жатыр.

100 миллион доллар жұмсалған жоба 100 пайыз қытайлық инвестор есебінен қаржыландырылды. Жергілікті әкімдік тарапынан өндіріске қажетті газ, су, электр желілері мен автожол және байланыс торабы тартылды.

Негізгі шикізат – Аралдың кварц құмы. Доломит пен әк және кальцийлендірілген тұз да жергілікті карьерден әкелінеді. Теңіз табанынан алынатын құм сапасы жақсы болғандықтан Сырда өндірілетін әйнектің мөлдірлігі 91 пайыз екен. 

Ғалымжан Қуатов, Шыны зауыты өндірістік бөлімі бастығының орынбасары:

- Қазір 3,5-4 мм, 5, 6, 8, 10, 12 мм қалыңдықтағы М0, М1, М4 маркалы шыны шығады. Бұл архитектуралық шыны кәдімгі нысан, үй, мекемелерге қолдануға болады.

Хан Ли Джун, Шыны зауытының бас директоры:

- 2022 жылы қыркүйек айында Қызылорда облысында шыны өнімдері өндірісі іске қосылды. Жобаның қуаты жылына 197 мың тонна. 2023 жылы кәсіпорын шыны өнімдерін толық шығара бастады. Былтыр күміспен қапталған шыны өндірісінің бірінші желісін енгізуге тағы $15 млн инвестиция салды. Күміс жалатылған шыны мен шыны өнімдерін шығаратын компания алдағы уақытта Орталық Азия елдерінің қажеттілігін толық қамтамасыз ете алады деп күтіліп отыр.

Аумағы 50 гектар болатын алып кешенде 3 ауысым бойынша 370 адам жұмыс істейді. Оның 270-і жергілікті тұрғын. Барлығы арнайы қайта даярлау курсынан өткен. Жалпы өңір шыны индустриясының шыңына ұмтылып жатыр. Ілеспе жобалардың алғашқы қарлығашы – энергия үнемдеуші әйнектер өндіру желісі іске қосылды. Жылына 5 миллион шаршы метр жоғары технологиялы жабынды шығаратын цехқа Қытай компаниясынан 6,7 миллиард теңге инвестиция бағытталып отыр.

Ардақ Зебешев, облыс әкімінің орынбасары:

- Егер жай шыны түссіз болатын болса, ал энергия үнемдейтін шыны 9 түрлі түспен шығатын болады. Яғни сырттан келген ыстықты ішке өткізбейтін немесе іштегі жылуды сыртқа шығармайтын арнайы шыны болады. Шыны қосалқы өндіріс. Оған қасына шыны кластерін құру үшін бірнеше жоба осы жерге қондырылады. 

Алдағы жылдары өндіріс ошағы жанынан айна, шөлмек, көлік әйнектерін шығаратын желі құрылмақ.

Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, 24.KZ, Қызылорда