Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бойынша 406 жоба қаржыландырылды
Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 406 жоба қаржыландырылды.
Ауылдарда 700-ден астам жұмыс орыны ашылды. Жыл басында жеңілдетілген несие алған Ақсуат ауылының тұрғыны Алма Смайылова қазір жылыжайын жайқалтып отыр. Облыс орталығына 6 айда 3 тоннадай көкөніс өнімін жеткізуді жоспарлайды. Оның шаруашылығымен танысуға Парламент депутаты Мұрат Әбенов келді. Халық қалаулысы қияр мен қызанақты терең өңдеу технологиясын енгізуге «Ауыл аманаты» бағдарламасымен қолдау болатынын айтты. Депутат шұлық цехының жұмысымен де танысты. Мақтадан иірілген жіпті Өзбекстаннан тасып, күніне 400 шұлық шығаратын кәсіпкер өнімін қайда өткізерін білмей отыр. Ауыл кәсіпкерінің өтінішін тыңдаған Мұрат Әбенов өңірдегі сауда орталықтарында жергілікті өнімдерге арналған әлеуметтік сөре бөлу мәселесін жауапты мекемелермен қарастыратынын айтты.
Қайратбек Әбдіраман, ауыл тұрғыны:
- 88 пайыз мақта өнімінен тоқылады шұлықтарымыз. Халыққа қолжетімді 150, 200, 250 тг 3 бағада ұсынып отырмыз. Штрих-коды бар. Енді бізге қолдау керек. Шыққан өнімдердің бәрін әлеуметтік дүкендерге сатқымыз келеді. Сол жағына көмек беріп, жобаға кірістірсе өнім сатуды.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Көп жағдайда бұрын несиені кім алатын? Бұрыннан кәсіп жасап жүргендер және қалада тұратын, банктермен жұмыс істей білетін адамдар. Ал ауылдың адамдары несие ала алмайды, оның жолын, заңдылығын білмейді. Міне бұл жоба арқылы бір жағынан үйреніп жатыр. Осы үйдің кісілері айтып жатыр көршілер, ағайындарымыз келіп көмектесіп, көріп, осыны жасаймыз деп қызығып тұрғаны бізді қуантады. Сол себептен Аманат партиясы бұл жобаны бақылауында ұстайды.