Қытайлар Шымкентке инвестиция құюға дайын
Қытайлық кәсіпкерлер Шымкент қаласына инвестиция құюға ниетті.
Шаһардың бизнес делегациясы екі жақты келіссөз аясында азық-түлік өндірісі, машина жасау, медицина, электр жабдықтарын өндіру сияқты бірқатар бағыт бойынша іскерлік келісім жасалғанын айтты.
Шымкентте жалпы ауданы 869 гектар болатын 5 өндірістік алаң жұмыс істеп тұр. Әзірге қытайлық кәсіпкерлер металлургия мен құрылысқа қажетті материалдарды өндіруді қолға алып, мұнай өңдеу саласын қаржыландырды. Алдағы уақытта экономикалық байланыс артып, өзге де өндірістік кешендер құрылады.
Қазақ-қытай кәсіпкерлері бірлесіп ашқан өндіріс кешені өркендеу жолына түсті.
Аумағы 20 гектардан асатын мына зауытта металл бұйымдары өңделеді. Жергілікті 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, күніне 600 тонна арматура мен қатты сымдар шығарылады. Кәсіпорын құрылтайшыларының жоспары бойынша, келесі жылдан бастап өндіріс қуаты артып, өнім түрлері көбейтілмек.
Цзяньбинь Кэ, компания құрылтайшысы:
- Инвестиция құю кезінде біздің таңдауымызға Шымкент қаласы тура келді. Өйткені қажетті инфрақұрылым толық тартылып, географиялық жағынан да металл бұйымдарын қабылдауға қолайлы болды. Бастапқыда әрине қиындықтар мен түрлі сұрақтар болғаны рас. Бірақ жан-жақты қолдауды сезініп, жақсы жұмыс істеп кеттік.
Аймақта Қытай тарапынан жалпы құны 1,96 миллиард доллар болатын 4 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – керамикалық тақтайшалар өндіруге арналған ірі кәсіпорын тамыз айында іске қосылмақ. Нәтижесінде 1 тәулікте тұрғын үй қасбеті мен ішкі әрлеуге арналған 35 мың шаршы метр өнім шығарылады. Қазір құрылыстың алғашқы кезеңі 90%-ке аяқталып, қажетті құрылғылар түгел орнатылды.
Асхат Нұртай, кәсіпорын өкілі:
- Біздің жоспарымыз бойынша 350 адамдай жұмыс істейді. Оның ішінде 350-дің 300-і жергілікті тұрғын болады. Ішкі нарыққа және сыртқы нарыққа да жұмыс істейміз ба деген ой бар. Қазір біреуін салып болсақ, біздің импортқа деген тәуелділікті 40%-ке дейін азайтамыз.
Биыл аумағы 400 гектар болатын тағы екі индустриалды аймақ іске қосылады. Салаға жауаптылар инвестициялық келісімшарт аясында кәсіпкерлер үшін жер учаскелері ұсынылып, салықтық жеңілдіктер қарастырылады. Ал Қазақстан мен Қытай халық республикаларының экономикалық ынтымақтастығы аясында жаңа келісімдар жасалды.
Ермек Тұрманов, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Жалпы Қытай инвесторлары тарапынан бізге негізінен металлуригия саласында, дайын металл өнімдерін өндіруде қызығушылық білдіруде. Сонымен қатар машина жасау, лифт шығару мәселесін де қолға алуда. Қазір олар өздерінің зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бізбен өзіміздің ұсыныстарымызды, мемлекет тарапынан берілетін қолдаулардың бәрін айтып түсіндірдік. Енді олардың Шымкент қаласына келуін күтудеміз.
Бұл мақсатта Шымкенттің іскерлік делегациясы Қытайдың Сиань қаласында болып қайтты. Ондағы отыздан аса кәсіпорын өкілімен ресми кездесулер өткізіліп, жаңа жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды. Қос тарап мемлекет басшыларының бауырластық байланыс орнату туралы келісімі аясында сауда-экономикалық қарым-қатынысты жандардыруға ниетті екенін сөз етті.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов, 24.KZ, Шымкент