Биыл елге ₸9,6 трлн инвестиция тартылады
Елде негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 14% өсіп, 18 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды 24KZ.
Ең көп қаражат әдеттегідей тау-кен өнеркәсібі, жылжымайтын мүлік, көлік және жинақтау салаларына бағытталған. Нәтижесінде 26 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 300-ге жуық жоба пайдалануға берілді. Бұл – былтырғы көрсеткіш. Ал биылғы жетістік қандай? Жыл соңына дейін тағы қандай кәсіпорындар іске қосылады?
Былтыр іске асырылған 298 жобаның 252-сі отандық инвесторларға тиесілі. Олар 1,33 трлн теңге құйған. Ал шетелдіктер 453 млрд теңге жұмсап, 46 кәсіпорын ашты. Бірақ биыл негізгі капиталға құйылған капитал көлемі 3,5% азайған. 1 жартыжылдықтың қорытындысы – 6,7 трлн теңге.
Рауан Аташбеков, ҚР ҰЭМ инвестициялық саясат басқармасының басшысы:
- 2024 жылдың аяғына дейін 238 жоба іске асырылуы жоспарланып отыр. Яғни, 24 мың жұмыс орны ашылуы керек. Жуықтап алғанда 2 трлн сомаға инвестиция жұмсалуы керек. Қазіргі таңда 18 инвестициялық жоба іске асырылды.
Бұл жобалар да дәстүрлі түрде тау-кен өнеркәсібі, жылжымайтын мүлік, көлік және жинақтау салаларын қамтиды. Өйткені аталған бағыттағы заңнамалар кәсіпкерлер үшін қолайлы. «Бірақ инвестиция ағынын ұлғайту үшін экономиканы әртараптандыруға тырысу керек», – дейді сарапшы Айбар Олжай.
Айбар Олжай, сарапшы:
- Пайдалы қазбаларға ғана инвестиция тарта бермей, ең бастысы, барлығын технология трансферті және өндіріс ошақтары, дәл осы қайта өңдеу саласына тарту керек. Бұл ретте әлі істелетін көп жұмыс бар. Өйткені бәрі күтіп отырған жаңа Салық кодексі, екіншіден, барлығы күтіп отырған жер қатынастары, жаңағы жерді жалға алу, сосын Қазақстанда бизнес ашу процестерінің нақтылануы. Өйткені бізде өзгерістер енгізіліп жатыр.
Бұл мәселеден Үкімет құлағдар. Нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жүзеге асыра бастады.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін биыл 9,6 трлн теңге инвестиция тартылатын болады. Оның ішінде 7 трлн теңгесі бюджеттік емес көздерден тартылады. Ол – жеке инвестициялар, квазимемлекеттік холдингтердің, ұлттық холдингтердің инвестициялары және шетелдік инвестициялар. Сондай-ақ отандық банктер мен қаржы ұйымдарының инвестициялары.
Биыл 1 жартыжылдықта елге тартылған инвестицияның негізгі үлесі бюджеттен тыс қаражат көздеріне тиесілі. Оның көлемі – 5,7 трлн теңге. Қалған 1 трлн теңгенің жобалары бюджеттен қаржыландырылған.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Наурызбай Құрманғазы.