Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бойынша несие алушыларға талап қойылды
Жеңіл пайызды несие өндіріс пен өңдеу саласын дамытуға бағытталады.
Биыл Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» жобасы арқылы несие алуға ниет білдіргендерге осындай талап қойылады. Өңірде құны 4,6 миллиард теңгені құрайтын 575 жоба арқылы, 600-ден астам жұмыс орнын ашу жсопарланған.
Наурызбек Айымбетов бұған дейін бірнеше мекемеде күзетші болып жұмыс істеген. Кейін отбасын құрып, балалы болған кезде азғантай айлығы күнделікті тұрмыстық қажеттілікке жетпей қалыпты. Табысын арттыруды ойлаған ол, кәсіп бастауға бел буады. Үйінің ауласындағы 10 сотық жерді жылыжайға айналдыру үшін мемлекеттен екі жарым пайыздық үстемесі бар несие алады.
Наурызбек Айымбетов, Жаңақорған кентінің тұрғыны:
- Мынау бізде бос жер. Қанша жыл бос тұрды осы. Берілген осы 4 миллион теңгенің көмегімен ерте көктеммен, қара күзге осыны пайдаланып, 4 миллионның қазір биыл болмаса, келесі жылы уақытынан бұрын жауып, әрі қарай мемлекеттен тағы одан көптеу сумма алып, әрі қарай дамытамыз деп ойлап отырмыз.
Жылыжайда ерте көктемде егілген қияр мен қызанақ пісіп тұр. Нурызбек бүгінге дейін жиырма тоннаға жуық өнім жинап, сатып үлгерген. Шілде айында жаңа көшет егіп, күзде тағы жемісін саудаламақшы. Алдағы уақытта аудан көлемінен бір гектар жер алып, жылыжайын кеңейту жоспарын да құрып қойған.
Сыр өңірінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы былтырдан бастап іске асты. Бұл уақыт аралығында Жаңақорған ауданы бойынша 74 жобаға 565 миллион теңге қаржылай қолдау беріліп, 93 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Ал биыл құны 700 миллион теңге болатын 100 жоба аясында 150 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр»,-дейді мамандар.
Марлен Нұртазаев Жаңақорған аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы:
- Биылғы жобалардың көп өтінімдері бізде балық шаруашылығын қолға алып жатыр. Қазірдің өзінде біз 2-3 кооператив өтінім беріп жатыр, одан бөлек кәсіпкерлер өтінімдерін беріп, есігінің алдында жасап жатқандар бар. Көлдерде өсіріп жатқандар бар. Қазір «Ауыл аманаты» бағдарламасы осыған әдемі сай болып тұр. Мысалы, кредит алған кезде бір жыл, екі жылға дейін каникул беріледі.
Былтыр «Ауыл аманаты» бойынша Қызылорда облысына 3 миллиард теңге қаржы бөлініп, 406 жобаға несие берілген. Оның аясында томат пастасын шығару цехы, жылыжай, сүт, ет өндірісі, асыл тұқымды мал басын көбейту секілді отбасылық кәсіп пен кооперативтердің жұмысы жолға қойылып отыр. Биыл осы бағдарлама шеңберінде құны 4,6 мллиард теңгені құрайтын 575 жоба арқылы, 600-ден астам жұмыс орнын ашу жсопарланған.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин