Қазақстанда ірі қара мен ұсақ мал саны азайды
Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметіне сүйенсек, жылдың алғашқы тоқсанында 9,1 млн бас Зеңгі баба тұқымы тіркелген.
Өткен жылмен салыстырғанда 140 мыңға кемігені байқалады. Ал қой-ешкі 23,7 млн шамасында. Былтырғыдан 700 мыңға аз. Ірілі-ұсақты мал басын шетелге шығаруға тыйым салу мерзімі тағы 6 айға ұзартылды. Бұл сүт-тауарлы фермаларын ауқымды салу және аустралиялық әдіспен мал шаруашылығын дамытуды қолдауға бағытталған.
Сонымен қатар көліктің барлық түрімен Қазақстан аумағына бидай әкелуге тыйым салу жыл соңына дейін ұзартылып отыр. Елде қазір егін алқаптарының жалпы көлемі 24 млн гектарға жуықтайды. Соның 13,7 млн гектарына бидай егілді. Былтырмен салыстырғанда 423 мың гектарға қысқарған. Өйткені Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.