Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» аясында екі мыңнан астам жоба қолдау тапты

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында екі мыңнан астам жоба қолдау тапты.

Нәтижесінде елді мекендерде ет-сүт өнімдерін өңдеу, қызмет көрсету саласы қарқын алып келеді. Тек Темір ауданында биыл ондаған бизнес-жоспар іске асып жатыр.

Майра Темірбаеваның әр күні бақшада егілген көкөністі бақылаумен өтеді. Көктемде салған қияр мен қызанақ және қауын-қарбыз тұқымы қазір бүр жарып, жайқалып тұр. Бұл «Ауыл аманаты» жобасына қатысудың жемісі. Оның аясында ұсынылатын жеңіл несиеге қол жеткізу үшін былтыр кәсіпкер өз бизнес жоспарын ұсынып, үш млн теңгеден астам қаржы алған. Нәтижесінде, көкөніс өсіру ісі өрге жүзді. 

Майра Темірбаева, кәсіпкер:

- Керек құрал-жабдықтарын сатып алдым әуелі. Сосын жерді жыртып, содан жәйлап ектік. Мен мынадай өнім аламын деп ойламаппын. Өзіме өте ұнады. Маңдай тер еңбек қой. Бір жылдан асты, бәрін уақытында төлеп, отчетімды жасап бәрін істеп отырмын. 

Бұл 43 гектар алқапта «ауыл аманаты» жобасына қатысқан үш бірдей әйел көкөніс өсіріп отыр. бірқатар жерлестерін де жұмыспен қамтыған. Ал Темір өзенінің жағасында жатқан бақшада тамшылатып суару әдісі қолданылады. Бүгінде мұнда өсірілген көкөніс түрлері ауданның бірнеше елді мекеніне жеткізілуде.

Азат Бірлепесов, Темір қаласының тұрғыны:

- Қазіргі таңда қияр сатып жатырық, магазиндерді аралап. Ондай қымбат емес, адамдар қуанып жатыр. 200 теңгеден сатып жатырмыз. Енді бастама ценасы. Енді қарбызымыз мұнда пісіп тұр. Шамалы уақыт қалды. Он шақты күн болса, енді қарбызымыз да келіп тұр уже сатуға. Қауынымыз бар мұнда. 

Бүгінде жергілікті нарыққа көкөністен өзге ет және сүт өнімдері де түсіп тұр. Әрі тұтынушылар үшін бағасы да лайықты. Ал жыл басынан  Темір ауданы бойынша жоба аясында 429 млн теңгенің 61 бизнес жоспары қаралған. 

Есенбол Жолдығарин, Темір аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Негізінде бірінші бағытта біздерде жұмыс жасағанымыз - құс бағытында жасадық, көкөніс өсіру бағытында жасадық. Енді биылдан бастап, мал шаруашылығы қосылды. Бір мал шаруашылығынан бөлек, қызмет көрсету саласы дейміз ғой,қоғамдық тамақтану, монша, СТО, тағысын тағы жобалар жүзеге асып жатыр. 

Бағдарлама туралы ауылдықтар арасында жиі айтып жүрген мамандар, оның аясында ұсынылатын екі жарым пайыздық несиенің өте тиімділігін алға тартуда. Себебі елді мекендегі кәсіпкерлерге өзге қаржы ұйымдарында мұндай жеңілдік жоқ дейді.

Ал өңірде екі жыл ішінде 2145 жоба қолдау тапқан.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев