Биыл Қазақстанның Өзбекстанға алюминий экспорты 10,5 есе артты

Көрсеткіш алғашқы төрт айда 2100 тоннаға жеткен. Арадағы алыс-беріс мұнымен тоқтап қалмайды, деп хабарлайды 24kz.

Себебі көршіміз шикізат өңдеу қарқынын арттырған. Кейінгі жылдары елде алюминий бұйымдарын шығаратын бірнеше зауыт ашылып, Қазақстанмен тікелей сауда-саттық дамыды.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Бұл – Ташкент іргесіндегі алюминий прокатын шығаратын зауыт. Былтыр ғана іске қосылған. Қазір кәсіпорынға тиесілі екі бірдей өндірістік желі бар. Әрқайсысы 10 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда жасалған алюминий бұйымдары әлемнің ондаған мемлекетіне экспортталады. Өндіріс қазақстандық шикізатқа негізделген.

Тахир Шарипов, алюминий өнімін шығаратын зауыт құрылтайшысы:

- Қазақстандық компаниялармен логистика тұрғысынан еш мәселе жоқ. Тасымал үздіксіз жүріп жатыр. Екі ел арасында мұндай өнімдерге кедендік баж салығы алынбайды. Көлік шығындары жоқ деуге болады. Мақсатымыз – зауыт қарқынын арттырып, экспорттың географиясын кеңейту.

Кәсіпорын құрылыс заттары, жиһаз, тұрмыстық техника және автокөлік жасау ісіне қажетті бұйымдар жасауды жолға қойған. Негізгі тапсырыс ел ішіндегі компаниялар тарапынан беріледі. Дегенмен, алыс шет мемлекеттер нарығын игеруге де қадам жасалып отыр. Соның ішінде АҚШ және Еуропа елдері де бар.

Тахир Шарипов, алюминий өнімін шығаратын зауыт құрылтайшысы:

- Қазір біз әлемдік автоөндірушілерге алюминий бөлшектерін жеткізетін болдық. «General Motors» сынды алпауытпен алдын ала келісім жасалған. Ал жалпы екі зауытта жылына 50 мың тонна шикізат өңделеді. Одан бөлек, кабель шығаратын кәсіпорында 12 мыңдайы дайын өнімге айналады. Қазақстаннан айына 600-700 тонна алюминий аламыз.

Компания басшысының айтуынша, өндіріс орнын құрып, толыққанды іске қосуға 100 млн доллар инвестиция жұмсалған. Қазір бір ғана өндірісте мың адам еңбек етеді.

Камель Милиев, зауыттың сапа және бақылау жөніндегі басқарма басшысы:

- Алюминий бізде негізінен шетелден сатып алынады. Соның ішінде Қазақстан негізгі сауда серіктесіміз. Бұл елдегі компаниядан алғашқы сатыдағы құймаларды аламыз. Айына 1000-1500 тонна өнім өңделеді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Осылайша, көршімізде алюминийді дайын бұйымға айналдыратын зауыттар қатары толығып келеді. Тек осы салада Қазақстанмен алыс-беріс миллиондаған долларға жеткен. Ал жалпы сауда-саттық 4 млрд доллардан асты. Бұл санды 10 млрд-қа дейін жеткізу жөнінде міндет бар. Қазақстандық кәсіпорындар Өзбекстанға тек шикізат қана емес, дайын тауар экспортын арттырғанын да айта кеткен жөн.

Авторы: Рауан Мыңбаев