Қазақстанның автокөлік өндірісі дамып келеді

Отандық автокөлік өндірісін қолдау басқа салалардың да дамуына жол ашады.

Мәселен, жол салатын техника, құрылыс техникаларын да өз елімізде шығаруды қарастыруға болады. Бүгін Алматыдағы ірі көлік зауытын аралаған Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев осылай деді. Бүгінде зауыттың өндірістік қуаты жылына 50 мың автокөлік. Сапасы да жоғары. Әрбірі халықаралық стандарттарға сәйкестігі бойынша тексеруден өтеді. Өндірістің технологиясын жаңғырту жұмыстары қолға алынуда. Атап айтқанда, дәнекерлеу цехында автоматты конвейерлер іске қосылмақ. Бұл дәнекерлеу цехының өнімділігін сағатына жеті шанаққа дейін арттыруға мүмкіндік береді, дейді мамандар. Өндірісті жергіліктендіру бойынша да ілгерлеу бар.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Маған ең ұнағаны бұл мультимедия жүйесін құрастыру. Мультимедия бұл машинаның миы деп айтсам қаталеспеймін. Мысалы, мотор жүрегі болса миы, яғни  басқару жүйесі осы мультимедия жүйесіне жиналған. Оның ішінде чипы да бар, оның ішінде электроникасы да бар. Яғни бұл компания қазір темірді жинаудан инновациясы бар, жаңа технологиялары бар өндіріске көшіп жатыр. Әрине бұндай әрекетті, мұндай жұмыстарды қолдауға міндеттіміз.