Егіс және орақ науқанына ₸580 млрд бөлінді

Биыл Үкімет егіс және орақ науқанына 580 млрд теңге көлемінде рекордтық қаражат бөлді.

Оның ішінде ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға жұмсалатын сома 5 есе ұлғайды. Бұл туралы Үкіметте өткен егін жинау науқанына дайындық мәселелері жөніндегі кеңесте айтылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, орақ науқаны тамыздың үшінші онкүндігінде басталады. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы техникасының 98%-і дайын. Барлығы 149 мыңнан астам трактор мен 38 мың комбайн тартылады. Бүгінде шаруаларға күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 64 мың тоннадан астам жеңілдігі бар дизель отыны жөнелтілді. Бекітілген кестеге сәйкес өңірлерге барлығы нарық бағасынан төмен деңгейде тіркелген баға бойынша шамамен 355 мың тонна жеткізілетін болады. Олжас Бектенов мәселені тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді, қажеттілік туындаған жағдайда дизель отынының қосымша көлемі бөлінеді. Республикада астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы – 30 млн тонна. Бұл болжанып отырған егін көлемін сақтауға жеткілікті.