Тұрғысын өзенінің бойында су электр стансысы салынады

Шығыс Қазақстан облысы баламалы энергетикаға басымдық бере бастады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұдан бөлек жобалар да бар. «Табиғи жолмен өндірілетін қуат көзінің үлесі әзірге 4%», – дейді мамандар.

Тұрғысын су электр станcысы –Тәуелсіздік жылдары елімізде салынған алғашқы нысан. Оның құрылысына 87 текше метр темірбетон, 300 тонна арматура кетті. Бөгеттің биіктігі 40 метрге жуықтайды. Ал сыйымдылығы – 7,5 миллион текше метр. Кәсіпорын жылына 80 миллион киловатт қуат көзін өндіреді. Оны Алтайдың жергілікті тұрғындары, өнеркәсіп және бюджеттік ұйымдары тұтынады. Енді өзен бойында тағы 2 стансы салынып, сағатына 170 миллион ватт электр энергиясы беріледі.

Антон Непомнящий, су электр стансысының аға диспетчері:

- Биылғы тасқын кезінде шығын көлемі 550 текше метр болды. Оның 116 текше метрі генерация арқылы өтті. Бұл тағы 3 стансының жұмыс істеуіне жететін еді.

Су шығыны болмаса, стансы толық қуатта жұмыс істеуге қауқарлы еді. Өткен жылы кәсіпорында 66 миллион киловатт қуат көзі өндірілді. Мамандардың айтуынша, жиналған суды сақтап қалу үшін дәл осындай тағы 2 нысан салу керек. Инвесторлар үшін әзірге Бұқтырма өзені таңдалды.

Нұрлан Рамазанов, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының баcшысы:

- Бұқтырма өзеніндегі нысан өткен жылы аукцион арқылы берілді. Ол жерде Тұрғысын су электр стансысын салған компания жұмыс істейді. Инвестор электронды сауданы 50 мегаватқа ұтты.

Яғни, Алтай ауданында 2029 жылға қарай тағы бір шағын су электр стансысы пайда болады. Қазір жергілікті билік өкілдері Оба, Үлбі, Қалжыр, Күршім өзендерін зерттеп, инвесторлар іздеп жатыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Әнел Есенбердина, Жігер Бабақанов.