Р.Баталов: АЭС құрылысы бизнестің дамуына зор серпін береді
АЭС құрылысы бизнестің дамуына зор серпін береді. Осылай деген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Райымбек Баталов Үкіметтің Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы бастамасына қолдау білдірді, деп хабарлайды 24kz.
Оның сөзінше, ел болашағын айқындайтын жауапты шешімнен палата да шет қалмайды. Себебі, АЭС тұрақты энергиямен қамтамасыз ететін негізгі көз болып саналады. Бұл – бизнесті дамытуға керемет мүмкіндік. «Әсіресе, тау-кен және металлургия, машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және басқа да көптеген энергияны қажет ететін салалар үшін маңызды», - дейді Райымбек Баталов.
Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы:
- Шағын және орта бизнес тұрақты түрде электр энергиясын алып тұруы қажет. Оның үстіне көміртегі бейтараптылығына жету үшін елдегі барлық шикізаттық емес салаларды әртараптандыру қажет. Яғни, жаңартылатын және атом энергетикасына көшу керек. Таза энергия базалық генерацияаға да айналуы мүмкін. Аталмыш саланы қолға алу біздің экспорттық өнімді сатуға арналған көміртегі салығын азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, АЭС салу және пайдалану ілеспелі салалардың дамуын ынталандыратын озық технологияларды, соның ішінде ІТ және инновациялық шешімдерді енгізуді талап етеді. Соңғы екі жылда біздің мамандар Түркия және басқа да өңірлерге барып, шағын, орта және ірі бизнестің жаңа технологиялармен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеріп келді.