Елде тауар биржаларындағы жосықсыз қатысушылардың реестрі түзіледі

Бүгін Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды 24kz.

Жаңа заң биржаларға қойылатын реттеуші талаптарды қатаңдатып, мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Жобада брокерлер мен клиринг орталықтарын лицензиялау ұсынылып отыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тауар биржаларын лицензиядан айыруға және тоқтату құқығына ие болады. Сауда-саттықтың ашықтығы қамтамасыз етіледі. Яғни биржалар сауда-саттық аяқталған соң қатысушылар мен келісімдерді жариялауға міндеттеледі. Сонымен қатар Үкімет конкурстық негізде әлеуметтік маңызы бар тауарлар саудасын жүргізетін биржалар тізбесін айқындайды. Бұл тізбеде көмір, бидай, мұнай және бірқатар азық-түлік өнімдері болады.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Сәйкесінше, жаңа заң сауда-саттықтың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етеді деген сенімдемін. Соның арқасында нарықтағы алыпсатарлықты жойып, бағаның төмендеуіне әсер етеді деп ойлаймын. Себебі баға биржада ашық көрсетіліп тұрса, оның үсітен баға қосу өте қиын болады.

Қазақстан мен Өзбекстан қоршаған ортаны қорғауда бірлесе әрекет етеді

Қазақстан мен Өзбекстан қоршаған орта жағдайы жөнінде кедергісіз ақпарат алмасады. Мәжіліс қос елдің үкіметтері арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Тараптар бұл келісімге 2022 жылы 22 желтоқсанда Ташкентте қол қойған. Құжат екі елдің орман алқаптарын, топырақ пен өсімдік жабынын қалпына келтіруде біріге әрекет етуіне жол ашады. Сондай-ақ, келісім Арал бассейніндегі экологиялық ахуалды жақсарту бойынша бірлескен іс-шаралар әзірлеуге бағытталған.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Бұл Арал теңізінің экологиялық апатының салдарын жеңілдету және құрғаған теңіз табанынан ұшқан тұзды шаңды сексеуіл егу арқылы тоқтату бойынша қазақ-өзбек тарапының әрекеттерін үйлестіруге ықпал етеді. Арал теңізінің қураған табанының жалпы алаңы шамамен 6 млн гектарды құрайды. Оның ішінде Қазақстанға қарасты қураған табанының көлемі 2,8 млн гектарды құрайды.