Алматыдағы конгресте қаржы секторын либерализациялау мәселесі талқыланды
Алматыда Ұлттық валюта күніне орай XII Қаржыгерлер конгресі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Шараны Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы ұйымдастырды. Қолдау көрсеткен – Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі. Панельдік сессияға мемлекеттік орган өкілдері, банктер мен басқа да қаржы институттарының басшылары жиналды. Сала өкілдері қаржы секторын либерализациялау мәселелері мен оның экономикалық өсімге қалай әсер ететінін талқылап жатыр. Сонымен қатар макроэкономикалық саясаттың басқа да аспектілерін қарастырады. Конгресте ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымы мен цифрлық теңгені дамыту перспективалары да сараланады.
Оған қоса бөлшек қаржы нарығын дамытуға байланысты сессия өтеді. Ол жерде халыққа арналған несие, сақтандыру және инвестиция өнімдері сияқты мәселелер талқыланады. Жиынға қатысушылар корпоративтік секторды қаржыландыру, оның мүмкіндіктері мен ондағы шектеулер туралы да кеңінен сөз қозғайды. Ал қорытынды панельдік пікірталас инвестициялық және эндаумент қорларын дамыту бағытына арналады. Конгресте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов елімізде қаржы нарығын реттеу үшін «Банктер туралы жаңа заң» қабылдау қажеттігін атап өтті.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
- Осы міндетті жүзеге асыру үшін қаржы жүйесі тиімді жұмыс істеп, тұрақтылықты қамтамасыз етіп, экономикалық өсімге ықпал етуі аса маңызды. Осыған байланысты Конгрестің негізгі тақырыбы қаржы секторын либерализациялауға және банктер туралы жаңа заңға арналып отыр. Заң бізге аса қажет екені сөзсіз. Оны әзірлеу үшін бірге жұмыс істеп, жіті талдау жасап, конструктивті диалог құра білуіміз қажет.