Мал саудасын делдалсыз жүргізетін арнайы биржа ашу қолға алынды
Агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру қажет.
Мемлекет басшысы форумда осындай міндет қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында жүктеген тапсырманы да еске салды. Онысы өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру. Бүгінде негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайту мақсатында бірқатар жоба іске асырыла бастады. 116 заманауи тауарлы сүт фермасы салынады. Осылайша өндірілетін сүт көлемі 600 мың тоннаға көбейеді. Сонымен бірге, жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабрика, 850 миллион жұмыртқа шығаратын 11 құс фабрикасын пайдалануға беріледі. Президент 100 мыңға жуық ірі қараға арналған 6 бордақылау алаңы мен 50 мың бас уақ малға арналған бордақылау кешенінің іске қосылатын да айтты. "Үкімет алғашқы мамандандырылған биржа ашуды қолға алды. Бұл кешенде мал саудасының заманауи ережелері сақталып, фермерлер мен тұтынушылар арасында басы артық делдал болмайды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.