Ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру

Алдағы алты жылда елде теміржол желісі ауқымды түрде жаңғыртылатын болады.

Нақтырақ айтқанда, 11 мың шақырымы жөнделіп, 5 мыңнан астам жаңа темір жол салу жоспарлануда. Қазірдің өзінде «Дарбаза – Мақтаарал», «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз» және «Алматы қаласының айналма жолы» сияқты ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл Орталық Азия мен Қытай бағытындағы жүк тасымалының артуына жол ашады. Бұл жайында бүгін Президент Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында айтып, саланың экспорттық әлеуетін күшейту қажеттігін атады. Ол үшін әрине көлік-логистика мүмкіндіктерін жақсарту керек. Мысалы, еліміздегі логистика мен сақтау жүйелерінің жеткілікті болмауынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер зор шығынға ұшырап отыр. Сондықтан сақтау инфрақұрылымын, соның ішінде элеваторлар, көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймаларын дамыту маңызды бағыт болуға тиіс – деді, Президент.  

ЦИТАТА

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Сыйымдылығы 700 мың тонна болатын қоймалар салу мен жаңғыртудың кешенді жоспары қабылданды. Бұл жұмысты ұдайы бақылауда ұстау керек. Біз дәстүрлі өткізу нарықтарын сақтап қана қоймай, түрлі елдердің талаптарына бейімделген икемді жеткізу жүйесін құра отырып, экспортты әртараптандырғанымыз жөн. Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан және Ауғанстанға жоспарлы түрде астық тасымалдау жұмысы басталды. Иран нарығына кіруге рұқсат алып, 250 мың тонна арпа жөнелттік. Сондай-ақ Қытайға, Еуропа Одағы елдеріне және Солтүстік Африкаға астық жеткізіледі. Теңізбен тасымалдауды арттыру үшін Құрық портында жаңа астық терминалы іске қосылды. Жаңа нарықтардың азық-түлікке сұраныс көлемі ұлғайып келе жатқанын ескерсек, Солтүстік - Оңтүстік және Транскаспий бағыты сияқты халықаралық дәліздердің рөлі арта түседі Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік-логистикалық орталығы ретінде құру жөніндегі стратегиялық міндет менің кейінгі жылдардағы халықаралық деңгейде жүргізіп жатқан келіссөздерімнің басты тақырыбына айналды. Бұл мәселеде аталған дәліздерге ыңғайлы жол табу және ішкі логистиканы жақсарту өте маңызды.