Қостанай облысында автоөндіріс үшін кадрлар даярланып жатыр
Қостанай облысында автоөндіріс саласы үшін болашақ кадрлар даярланып жатыр.
Көлік шығару кәсіпорындарының артуына байланысты жыл санап сала мамандарына сұраныс өсіп келеді. Allur компаниясының бастамасымен 3 жыл бұрын жергілікті колледжде машина жасау мамандарын мемлекеттік тілде дайындайтын топтар ашылды. Дуальді білім беру жүйесі де жолға қойылды.
Қарапайым слесарьдан бастап жоғары санатты маман атануға әрқайсысы лайық. Зауыттағы жас жұмысшыларға осындай мүмкіндік беріліп отыр. Allur компаниясы қазірден бастап болашақ мамандарды даярлауға ден қоя бастады. Мысалы цехке бір жыл бұрын келген Дәуіт Базылжанов қазір "Шевроле Оникс" желісіндегі жаңа жобамен айналысып жатыр.
Дәуіт Базылжанов, ұсақ түйінді құрастыру цехының маманы:
- Университетті аяқтап, қолыма диплом тигенде зауытта қалуды жөн көрдім. Себебі мамандығым машина жасаумен тікелей байланысты. Қостанайда бұл сала қарқынды дамып келеді. Сондықтан бұған да өз үлесімді қоссам деген мақсатым бар.
Мұның бәрі Allur компаниясының білім жобалары қолдауымен іске асырылды. Болашақ машина жасаушылар теория мен практиканы ұштастырып, дуальды білім беру жүйесінің жемісін көрді. Автомобиль көлігі колледжі базасында мамандар мемлекеттік тілде даярланады. Ал кәсіби құзырет орталығында болашақ мамандар машина жасаудың қыр-сырын меңгереді. Студенттер машинаның ұсақ тораптарын дәнекерлеп, бояп, өз қолымен жинайды.
Богдан Коваленко, Satbayev University студенті:
- Мұнда слесарь боп орналасқам. Содан корпоративті университеттегі конструкторлық басқармада бос орын ашылғанын білдім. Тиісті іріктеулерден өттім. Қазір JAC /Джак/ модельдерінің ұсақ түйінді құрылымдарын құрастыру бойынша жоба әзірлеуге кірістік.
Қазір техника саласында білікті мамандарға сұраныс артып келеді. Салынып жатқан кәсіпорындарға байланысты өңірге әлі мыңдаған маман қажет болады.
Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров