Қазақстан қаржыгерлерінің XII конгресі өтті

Бүгін Алматыда Қазақстанның барлық банктеріне ортақ QR-төлемдер сервисі таныстырылды.

Бұл Ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымның негізгі бөлігі саналады. Жаңа сервис Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің XII Конгресінде көрсетілді. Басқосуда экономиканы либерализациялау және қаржы секторын ары қарай цифрландыру мәселелері талқыланды.

Қаржыгерлер конгресі макроэкономикалық саясат пен қаржы саласындағы ең өзекті мәселелерді талқылайтын басты диалог алаңына айналды. Биыл қатысушылар қаржы секторын либерализациялау мен оның экономикалық өсімге тигізетін әсері жөнінде пікір алмасты. Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүйлеменов Қазақстан жаһандық экономикалық жүйенің бір бөлігі ретінде жаңа өзгерістерге бейімделуі қажет екеніне тоқталды. Панельдік сессияларда қаржы нарығының өкілдері банк секторындағы бәсекелестікті дамытуды және заңнамаға қатысты жаңа бастамаларды талқылады. 

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

- Ұлттық банк пен Қаржылық реттеу агенттігі алдағы 5 жылға қаржылық реттеушілерді цифрландыру стратегиясын әзірлеп жатыр. Бұл туралы көп айтылды. «Мемлекет басшысының банктер туралы жаңа заң әзірлеу жөніндегі тапсырмасы бойынша үлкен ашық пікірталас өтті. Менің ойымша, бұл талқылаулар заң жобасын әзірлеу және қаржы секторын дамыту бағыттарын анықтауға көмектеседі. Жаңа заңда либерализация, қаржы технологияларын дамыту, пропорционалды реттеу мәселелері, сонымен қатар банк нарығындағы жаңа лицензиялар сияқты тақырыптар жеке қарастырылатын болады.

Конгреске қатысушылар ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту бағытында қол жеткен нәтижелермен бөлісті. Мысалы, елімізде цифрлық ақша айналымы өткен жылмен салыстырғанда 30 проценте артқан. «Цифрлық трансформация жалпы саланың дамуына жаңа серпін береді», дейді мамандар. 

Ержан Ахметали, ҚҰБ Қаржы ұйымдарын дамыту   департаменті директорының орынбасары:

- Цифрлық теңге платформасы бар. Сосын «Опен АР», «Опен Банкинг» платформалары бар. Және Ұлтық төлем жүйелеренің банкаралық инфрақұрылымдарын жаңа элементтерін жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бұл жүйелердің негізгі мақсаты – банкарылық байланысты, ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған. 

Ерлан Ашықбеков, ҚҰБ төлем жүйелері департаментінің директоры:

- Бюджеттік шығыстар немесе мемлекеттік қаржыны игеруді талап ететін әртүрлі ірі жобалар бойынша цифрлық теңгенің көмегімен ол жобалардың ашықтығын қамтамасыз ету. Сонымен қатар сол ақшалардың мемлекет тарапынан жолданатын мақсаттылығын қамтамасыз ету бағытында жаңа технологиялық платформа әзірленіп, «Цифрлық Теңге» базасында ол жүзеге асырылып жатыр. 

Бұдан бөлек конгресс жұмысы аясында Ұлттық Банк ұлттық валюта – теңге күнінің құрметіне орай «Цифрлық инвестициялық монета» атты жаңа жобаны таныстырды. Сондай-ақ банктерге ортақ QR-төлемдерді енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. 

Айнұр Ыдырысова, ҚҰБ қолма-қол ақша айналымы жобалары басқармасының бас маманы:

- Инвестор цифрлық монеталарды сатып алуына болады. Оны цифрлық актив ретінде сақтай алады. Бұл инвестициялық құралды қолдану өте ыңғайлы. Алтын монетаның құны 1 млн 300 мың теңге. Оны тұрғындар бөлшектеп сатып алып, қолма-қол ақшаға да аудара алады.

Қаржы институттарының өкілдері халыққа арналған бөлшек қаржы қызметтерін — несие беру, сақтандыру және инвестициялық өнімдерді дамыту жөніндегі көзқарастарын да ортаға салды.

А. Садуақас, С. Жұмабаев