Перизат Қайраттың тағы бір заңсыз әрекеті анықталды

Еріктілер қозғалысының белсендісі, блогер Перизат Қайратқа қатысты тағы бір заңсыз әрекет анықталды, деп хабарлайды 24kz.

Ол 200 млн теңгеден астам ақша жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Перизат Қайрат былтыр қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырған. Сөйтіп, желтоқсан айында осы ақша есебінен элиталық тұрғын үй кешенінен құны 49 млн теңге болатын үш бөлмелі пәтер және 30 млн-ға жаңа автокөлік сатып алған екен.

Сондай-ақ ол белгілі брендтегі зергерлік бұйымдар мен киімдер алды деген күдікке ілінді. Бұған дейін агенттік Перизат Қайратты көктемгі су тасқыны кезінде тұрғындарға көмекке жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырды деп хабарлаған болатын. Астана қаласының тергеу соты күдіктіні 2 айға қамауға алған.