Отандық өнімді ішкі нарықта ілгерілету маңызды

Отандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сатып алу жүйесін жетілдіру және қазақстандық тауарларды ішкі нарықта ілгерілету – маңызды шара.

Сенат төрағасы Қостанай облысы мәслихатының депутаттары және жергілікті жұртшылықпен кездесуінде осылай деді. Мәулен Әшімбаев алдымен машина жасауды дамытудың заңнамалық негіздеріне арналған дөңгелек үстелге қатысты. Ол Мемлекет басшысының еліміздегі сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін маңызды міндеттер жүктегенін атап өтті. Бұған қоса Сенат төрағасы шикізат құнының қымбатшылығы, импортқа тәуелділік және өндіріске жаңа технологияларды енгізу мәселелеріне тоқталды.

Мәулен әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Бұл сала ел экономикасында айырықша рөл атқарады. Ал Қостанай облысы машина жасау бағытында көшбасшы өңірлердің бірі. Сенат осы салада бизнеспен және мамандармен бірлесіп, тиісті заңнаманы жетілдіруге дайын. Мұндай қадам елімізді өркендетуге және отандық өндірісті жетілдіруге жол ашатыны сөзсіз.

Сондай-ақ Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өңірдегі шойын құю, автмобиль зауыттары мен өзге де ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Ұжымдармен кездесуі барысында «қолжетімдіжәне ұзақ мерзімді қаржыландырудың жеткілікті деңгейде болмауы – машина жасау саласының дамуын тежейді» деді.  Ал мәселенің шешілуі барысында заңдарға толықтырулар енгізу жұмысын қарастыратынын айтты.