«Қазақмыс» корпорациясы Балқаш көлінің экожүйесін сақтауға қаражат бөледі

«Қазақмыс» корпорациясы Балқаш көлінің экожүйесін сақтау үшін 5 млн доллар қаражат бөледі.

Бұл жайында Бакуде өткен СOP29 Дүниежүзілік климат саммиті аясында «Қазақмыс» корпорациясының өкілі мәлімдеді. Осы мақсатта алдағы уақытта халықаралық жетекші сарапшылардың қатысуымен нақты бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

«Қазақмыс» корпорциясы Балқаш көлінің экожүйесін зерттеуге арналған ғылыми жобаларды дамытуға атсалысады. Аймақтың су ресурстарын тұрақты басқару тәсілдерін енгізу көзделген. Сондай-ақ, биоалуандылық пен судың сапасын бақылауға ерекше назар аударылады. Экожүйедегі өзгерістерге дер кезінде жауап беру де күн тәртібіне қойылады. Бұл бастамалар Балқаш экожүйесінің жағдайын жақсартып, антропогендік әсерді азайтуға жәрдемдеседі.

Сәкен Шаяхметов, «Қазақмыс» корпорациясының тұрақты даму жөніндегі директоры:

- Алдағы 5-10 жыл ішінде «Қазақмыс» корпорациясы Балқаш көлі мен Іле өзенінің экологиялық жүйесін сақтау мен зерттеуге екемінде 5 млн доллар бөледі. Бұл қаржы зерттеу жобаларына, бақылау станцияларын салуға, сондай-ақ, бизнесс-жобаларды қолдауға бағытталады. Бұл шаралар Балқаш көлінің бассейнінде тұрақты экономикалық және экологиялық жүйе құруға мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік климат жөніндегі сессияға қатысушылар Балқаш көлін сақтау стратегиялық маңызға ие және бұл мәселе ұлттық әрі халықаралық деңгейде ерекше назарда болуға тиіс, деген ортақ пікір айтты. Диалог алаңына Орталық Азия, АҚШ, Финляндия, Иран және өзге елдердің сарапшылары атсалысты.

Сәкен Шаяхметов, «Қазақмыс» корпорациясының тұрақты даму жөніндегі директоры:

- Ғылым әлеміндегі, халықаралық қауымдастықтағы, жергілікті атқарушы органдардарындағы барлық әріптестерді және барлық тұрғындарды Балқаш көлі секілді табиғат ғажайыбын сақтап қалу үшін бірігуге шақырамын.

Ұлттық және халықаралық серіктестердің бірлескен күш-жігері Балқаш көлін болашақ ұрпақ үшін сақтап қалуға көмектеседі. Мамандар пікірі осындай. Себебі көл миллиондаған адамның өмірі мен аймақтың экономикасы үшін шешуші мәнге ие.

Рухани Әбдірахман, Искандер Сергалиев