Қостанайда машина жасау саласына қатысты мәселелар талқыланды
Соңғы жылдары елімізде машина жасау саласына тартылған инвестиция екі есе артып, 108 миллиард теңгеге жетті.
Алайда бұл көлем өндірістің ұзақ мерзімде тұрақты өсімін қамтамасыз ете алмайды. Саланың дамуына шикізаттың қымбаттығы мен импортқа тәуелділік кедергі болып тұр. Аталған түйткілдерді шешу үшін барлық мүдделі тараптың күш-жігерін ортақ іске жұмылдыру қажет. Қостанайда сала мамандарымен болған дөңгелек үстелде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді.
«Машина жасауды дамытудың заңнамалық негіздері» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің Қостанайда өтуі тегін емес. Бүгінде өңір еліміздің автоөндіріс орталығына айналды. Қазақстанда шығарылған машиналардың 60 проценті осы Қостанайда жасалады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Машина жасау саласын дамытудың заңнамалық негізіндеріне арналған дөңгелек столды арнайы Қостанайда ұйымдастырып отырмыз. Себебі бұл сала ел экономикасында айрықша роль атқарады. Ал Қостанай облысы машина жасау бағытында көшбасшы өңірлердің бірі. Сенат осы салада бизнеспен және сала мамандарымен бірлесіп, тиісті заңнаманы жетілдіруге дайын. Мұндай қадам елімізді өркендетуге және отандық өндірісті жетілдіруге жол ашатындығы сөзсіз.
Қостанайда машина жасау саласында 40-тан астам кәсіпорын бар. Оларда шамамен 7 мыңға жуық адам еңбек етеді. Автоөндіріс жылдан-жылға дамып жатыр десек те, тежеу болған түйткілдер де жоқ емес.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаржыландырудың жеткіліксіз болуы оның әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермейді. Тағы бір мәселе – алюминий, мырыш, мыс, қорғасын сияқты жеткізілетін шикізаттың қымбат және шектеулі болуы. Олардың тізімін кеңейту керек. Сондай-ақ бірқатар компания импорттық жабдықтар мен техника сатып алуды жөн көреді. Бұл елден капиталдың кетуіне әкеліп соғады және өздерінің өндірістік қуатының дамуын тежейді. Осы мәселелерді шешу үшін біз заңдарға толықтырулар енгізу мәселесін қарастырамыз.
Сапар аясында Сенат Төрағасы Қостанайдағы бірнеше өндіріс орнында болды. Тек машина жасау саласы бойынша өңірде алдағы жылдары 11 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Мамандардың есебінше 3 мыңнан астам жұмыс орыны ашылады. Соған байланысты кадр мәселесі де қазір өзекті.
Дмитрий Павленко, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры:
- Қазіргі кезде біздің студенттерге сұраныс зор. Кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Бірінші курстан қандай мамандықтарға қанша маман керектігін айтып, тапсырыс бере бастайды.
Мәулен Әшімбаев, сондай-ақ мәслихат депутаттарымен және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті. Ол өз сөзінде әріптестерін Парламенттің заңнамалық жұмысына белсенді қатысуға және өңірлердің белгілі бір мәселелерін шешу үшін тұжырымдамалық ұсыныстар әзірлеуге шақырды. Сондай-ақ ол ағымдағы сессияда депутаттық корпус Бюджет, Салық, Құрылыс, Су кодекстерімен, Банктер туралы жаңа заңмен және Цифрлық кодекспен жұмыс істейтінін айтты.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг