Үкімет 2025 жылғы егін жұмыстарына 700 млрд теңге бөледі

Көктемгі егін жұмыстарын кешеуілдетпеу үшін шаруаларға жеңілдетілген несие желтоқсан айынан бастап берілетін болды, деп хабарлайды 24KZ. Көп жыл бойы диқандарға қолбайлау болған мәселе далалық жұмыстардың өтуіне кедергі келтіретін. Енді шаруалар жыл аяғына дейін өтінім беріп, мемлекеттен  жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады. Ауыл шаруашылығындағы Президент жүктеген тапсырмалардың орындалуы Үкімет отырысында талқыланды.  

Үкімет 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге жеткізу жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Президент аграрлық саладағы ақсап тұрған мәселелерді атағаны есімізде. Әуелгісі – қаржыландыру. Қағазбастылықтың машақаты пен қаржының кеш берілуі шаруаларды әуре-сарсаңға салатын. Толғақты мәселе енді түбегейлі шешілді деуге болады. Аграрлық несие корпорациясы 29 қарашадан 100 млрд теңге мөлшерінде қаржыландыруды бастайды.

Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Қазірдің өзінде 500-ден аса ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден өтінімдер келіп түсті. Қаражат фермерлерге екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және Аграрлық несие корпорациясы арқылы қолжетімді болады.

Биыл түрлі қиындыққа қарамастан қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терінде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды. Бұл – соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Ендігі мақсат – осы өнімді төкпей-шашпай жинап, сапалы сақтау. Алайда елімізде әлі де элеваторлар мен астықты сақтау қоймалары жеткіліксіз. Экспортты еселеу үшін де тиімді инфрақұрылым жүйесі қажет.

Мақсат Қалиақпаров, ҚР Көлік вице-министрі:

- Құрық теңіз порты арқылы жүк тасымалын арттыру бойынша шаралар қабылдап жатырмыз. Құрық портында астық терминалын іске қосып жатырмыз. Сонымен қатар Abu Dhabi Ports компаниясымен қоса Сарыжыра теңіз терминалы құрылысы қолға алынды. Нәтижесінде Қазақстан порттарының әлеуеті жылына 30 тоннаға жетеді.

Президент елдегі ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10%-ке дейін жеткізу міндетін қойды. Үкімет келер жылы осы бағытта 200 млрд теңге бөлуді көздеп отыр. Сондай-ақ елімізде фермерлер арасында сұранысқа  ие техника түрлерін шығаруға басымдық берілмек.

Мәселен, Комбайндарды шығару көлемі 34%-ке, тракторлар 43%-ке, тіркеме техникасын шығару 50%-ке ұлғайтылады.

Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру мақсатында келесі жылы 5%-пен жеңілдетілген лизинг бағдарламасына 200 млрд теңге көзделеді. Сонымен қатар отандық ауыл шаруашылығы техникасын шығару көлемдерін ұлғайту жоспарланып отыр.

Елдегі егіс алқаптарының көлемі жылдан жылға артып келеді. Өнімнің түсімін арттыру үшін сапалы әрі қолжетімді тыңайтқыштар қажет. Алайда диқандар минералды тыңайтқыштарды аз қолданады. Себеп: өзімізде шығарылатын тыңайтқыштар ауыл шаруашылығын толық қамтамасыз етпейді, сұраныстың жартысын ғана өтейді. Тұқым қорында да импортқа тәуелділікті азайту көзделініп отыр.

Үкімет басшысы тиісті электрондық платформаларды іске қосуды  жеделдетуді тапсырды. Яғни, субсидия алу мен жеңілдіктерді пайдалану алгоритмдері фермерлер үшін барынша қарапайым және түсінікті болуы керек. Бұл мемлекеттік қолдау шараларын алудың ашықтығын қамтамасыз етеді.  

Тағы бір айта кетер жайт, 2027 жылға дейін елде 1,3 мың шақырым жаңа теміржол желісін салу жоспарланып отыр. Көлік министрлігінің мәліметінше, нәтижесінде теміржол тасымалы бойынша экспорт 130 млн тоннаға дейін жеткізіледі, импорт пен транзит көлемі тиісінше 60% және 65%-ке артады. Автокөлік тасымалдары бойынша экспорт пен импорт 2 есеге, транзит 6 есеге артады деп күтіліп отыр.

Авторлары: Қуандық Танабас, Нұрғали Мамырбаев.