Ақтөбе облысы мен РФ арасындағы тауар айналымы 21%-ға өсті
Ақтөбе облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы биылғы тауар айналымы 1 млрд АҚШ долларына жетті, деп хабарлайды 24KZ. Бұл облыс экономикасына тиесілі барлық тауар айналымының 32%-ын құрады. Шағын және орта бизнес өз алдына, облыс аумағында бірлескен бірнеше ірі компания жұмыс істеп тұр.
Ақтөбе индустриялық аймағында орналасқан бұл зауыт жылына 5 млн шаршы метр қыш плитасын шығарады. Тауардың 50%-ы ішкі нарықта саудаланса, тең жартысы Ресейге жөнелтіледі. Кәсіпорын өкілдері қазақстандық өнімге көрші мемлекетте сұраныс жоғары дейді.
Ағаділ Жұмаділ, жоба менеджері:
- Бұл зауыт сәтті жүзеге асырылды деп айта аламыз. Сондықтан қосымша қаржы бөліп, өндіріс ауқымын кеңейтуді жоспарладық. Қазір зауыттың үшінші кезеңін салуды көздеп отырмыз. Заман талабына сай жаңа плитка түрлері жасалады. Бастапқыда жылына 4 млн шаршы метр тауар өндірсе, кейін 8 млн шаршы метрге дейін жеткізу ойда бар.
Ақтөбе Ресейдің 47 облысымен тұрақты экономикалық байланыс орнатқан. Тауар айналымы жыл санап артып келеді. Мәселен, былтырғы көрсеткіш 1 млрд 400 млн АҚШ доллларын құраса, биылғы жылдың 8 айының өзінде 1 млрд АҚШ долларына жетіп отыр. Өсім деңгейі 21%-ға жеткен.
Досжан Әлібеков, облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысы:
- Осы Ресейдің Челябинск, Свердловск және Башкортостан деген өңірлерімен және Москва қаласымен тауар айналымы жоғары деңгейде тұр. Біздің экспорт жасайтын тауарларымыз ол кен түрінде. Мыс, мырыш және хром кені. Ал біз Ресейден қазіргі таңда қантты импорт жасап жатырмыз, басқа да жартылай фабрикаттарды.
Қазір Ақтөбе облысында Ресей мен қазақстандық 700-ге жуық бірлескен кәсіпорын бар. Қос тарап металлургия мен жеңіл өнеркәсіп, құрылыс және көлік-логистикасы салаларын қамтыған. Өңірде жаңа өндіріс орындарын салуға ниетті инвесторларға да мүмкіндік мол. Тиісті инфрақұрылыммен қамтылған Ақтөбе индустриялық аймағынан бөлек, көлемі 800 гектар болатын жаңа экономикалық аймақ құрылысы аяқталуға жақын.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов.