Елімізде дәріні жарнамалау азаяды
Елдің денсаулық сақтау саласында цифрландыру қарқынды.
Бұл жұмыстар қызмет сапасын жақсартып, науқастардың уақытын үнемдейді.
Ал министрлік дәрі-дәрмек бағасын қалай бақылап отыр, оны арзандатудың қандай мүмкіндігі бар? Нақты қандай шаралар жүзеге асады?
Денсаулық сақтау саласында ілкімді істер баршылық. Мұның барлығы тұрғындарға ыңғайлы қызмет механизмін қалыптастыруды көздейді.
Дәріні арзандату үшін жарнама азаяды
Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмекті арзандату үшін жаңа әдістерді қолға алмақ. Яғни дәріні жарналамалауға кететін шығындарды кемітуге күш салады. Министр Ақмарал Әлназарованың айтуынша, дәрі-дәрмек құнының негізсіз өсуіне көбіне маркетинг шығындары әсер етеді. Қазір дәрі бағасының 30 пайызы – маркетинг шығындарына, 15 пайызы логистикалық қызметтерге жұмсалып отыр. Сондай-ақ министрлік шетелден келіп жатқан дәрілердің бағасын анықтап, оларға қосылатын соманың әділдігін қадағаламақ.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Сонымен қатар шетелден келетін дәрілік заттардың, импорттың бағасын реттеу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Қаржы министрлігінің Кірістер департаментінің кеден бағдарламасымен интеграция бүгінгі таңда басталды. Ол келесі жылдың басында осы интеграцияны біз толығымен аяқтасақ, негізі біз осы импорттың нақты қандай бағамен Қазақстанға кіріп жатқанын көре отырып, негізі баға қалыптастыру жағдайын бұл да өз әсерін тигізеді.
66,2 млн препарат таңбаланды
Елде 6891 дәрі-дәрмек тіркелген. Биылғы шілде айынан бастап дәрілерді таңбалау механизмі енгізілді. Бұл әдіс дәрілік заттардың заңсыз айналымын анықтап, көлеңкелі бизнестің жолын кесуге бағытталған. Төрт айдың ішінде 66 млн-нан астам препарат қаптамасы таңбаланды. Олардың 39 млн-ы шетелдік дәрілерге тиесілі болса, 29 млн-нан астамы – отандық өндірістің өнімі. Қазір айналымда қаптамасы таңбаланған 28 млн-нан аса дәрі жүр.
Дәрі-дәрмекті таңбалау
Таңбаланғаны – 66,2 млн қаптама
Импорттық препарат – 39,3 млн
Отандық препарат – 29,4 млн
Айналымда – 28,5 млн
Фармацевтика өндірісі 18%-ға өсті
Елдің фармацевтика өндірісінде 207 өндіруші бар. Олардың 43-і дәрілік заттар шығарады. (ГРАФИКА) Жыл басынан бері кәсіпорындардың өнім көлемі 18 пайызға өсіп, 124 млрд теңгені еңсерді. Зауыттарға мемлекет тарапынан қомақты қолдау көрсетіліп отыр. Биыл 47 ұзақмерзімді келісімшарт жасалды. Яғни зауыттар өндірген өнімнің 702 түрі сатып алынды. Алдағы жылы өндіріс көлемін үш есе ұлғайту көзделіп отыр. Бұл мақсатта 79 ұзақмерзімді келісімшарт жасалмақ. Отандық өндіріс қуатының артқаны – импортты алмастыруға тиімді. Соның арқасында науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалатын шығын азаяды. Биыл дәрі-дәрмекке ел қазынасынан 474 млрд теңге бөлінді.
Фармацевтика өндірісі
207 өндіруші
Өнім көлемі – ₸124 млрд
Өсім – 18%
Мемлекет 702 дәрі түрін сатып алды
Анықтама алу үшін емханаға барудың қажеті жоқ
Келесі жылдан бастап анықтама алу үшін дәрігерге барудың қажеті жоқ. Медициналық анықтамалардың 8 түрін үйде отырып алуға болады. Оның ішінде еңбекке уақытша жарамсыздық парағы мен анықтама тек электронды түрде беріледі. Көлік басқаруға, қару ұстауға рұқсат беру туралы анықтамаларды онлайн аласыз. Сондай-ақ баланың денсаулық паспорты, санаторийлік-курорттық карта сынды құжаттар қашықтан жіберіледі. Бұл азаматтарға ыңғайлы болатыны анық дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов.
Ербол Оспанов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
- Маңызды бағыттардың біреуі – медициналық салада, денсаулық сақтау саласында өте көп медициналық анықтамалар, құжаттар бар. соларды цифрлы форматқа ауыстыру. Азаматтар соған бола клиникаға барып кезекке тұрады, қағаз жүзінде алып мемлекеттік органға, болмаса мекмелерге, жұмыс берушілерге жеткізіп жатқан кездері болады. Ол да тежегіш факторлардың біреуі.
Электронды форматқа көшірілетін анықтамалар
«Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы»
075/е «Медициналық анықтама»
026/е «ДКК қорытындысы»
073/е «ТҚ басқаруға рұқсат туралы анықтама»
069/е «Санаторийлік-курорттық карта»
052-2/е «Баланың денсаулық паспорты»
076/е «Қаруға рұқсат алу»
038/е «Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама»
Дәрігерлер бірнеше ақпараттық жүйеде жұмыс істеуге мәжбүр
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ақпараттық жүйелерді оңтайландырып жатыр. Бұл дәрігерлер үшін де, пациенттер үшін де тиімді дейді вице-министр. Яғни жүйені оңтайландырудың арқасында медициналық қызметкердің жұмысы екі есе азаяды. Қазір олар түрлі жұмыстарды орындау үшін екі жүйенің арасында ауысуға мәжбүр. Бұл қосымша уақытты қажет ететіні сөзсіз. Ақпараттар қайталанып, салдарынан қате кетуі де мүмкін. Министрлік ақпараттық жүйені қысқарту арқылы емханалардағы кезекті азайтуды көздеп отыр.