ШҚО-дан Ресейге тауар экспорты 126% өсті
Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 26 млрд долларға жетті, деп хабарлайды 24kz.
Елімізден Ресейге негізінен химиялық өнімдер, пластмассалар мен құрылыс материалдары экспортталады. Екі ел аумағында өзара тиімді ынтымақтастық форматында 130 бірлескен бизнес-жоба іске асырылуда. Бүгінде Қазақстанда 13 мыңнан астам ресейлік компания жұмыс істейді. Түрлі өндірістік технологиялармен алмасу жолға қойылған. Соның бір дәлелі ретінде Шығыс Қазақстан облысында құбыр шығаратын зауыт салу мүмкіндіктері зерттелуде. Стратегиялық кәсіпорында энергетика секторына қажет бұйымдар жасалады. Бұдан бөлек, облыстың шалғай аудандарын газдандыру және көгілдір отынды Қытайға экспорттау мүмкіндіктері қарастырылуда.
Шығыс Қазақстан облысының Ресеймен сауда-экономикалық байланысы жыл санап артып келеді. Шекараның жақын орналасуы өнеркәсіп және аграрлық салада бірлескен кәсіпорындар ашуға мүмкіндік береді. Биылдың өзінде Қазақстанның шығысынан Ресей Федерациясына 329 млн АҚШ доллары көлемінде тауар сатылды. Көрші елге негізінен электротехника, металл және ауылшаруашылық өнімдері экспортталады. Валерий Қасымбаев жетекшілік ететін ара шаруашылығы бірнеше жылдан бері Ресейге бал тасымалдайды. Қазақстандық өнімді бүгінде Ресейдің Сібір өлкесінің тұрғындары тұтынады. «Бұл екі ел арасындағы тиімді логистика мен кедергісіз сауданың жемісі», - дейді кәсіпкер.
Валерий Қасымбаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Негізінен біздің бал Орал-Сібір аймағына экспортталады. Себебі ол өңірлер бізге іргелес, логистикалық жағынан жақын. Бұдан бөлек, Ресейлік компаниялар толық қамти алмайтын Краснояр өлкесі, Якутия және Иркутск облысы біздің өнімді тұтынып отыр.
Түрлі технологиялармен алмасу да жолға қойылған. Үкіметаралық келісім нәтижесінде Ресей Семей, Көкшетау және Өскемен қалаларында ЖЭО салады. Сонымен қатар Шығыс Қазақстанда жаңа металлургиялық өндіріс кластері құрылады. Атап айтқанда, құбыр шығаратын зауыт салу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Келешекте ол кәсіпорында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қажет бұйымдар жасалады. Бір ғана 2023 жылы Қазақстанда 4 мыңнан астам ресейлік кәсіпорын ашылды.
Ардақ Мәдиев, облыстық кәсіпкерлік және иид басқармасының басшысы:
- Ауыл шаруашылығы, машина жасау салалары бойынша көптеген жобалар бар. Біз қазір құбыр зауытының құрылысына қызығушылық танытып отырмыз. Себебі, біздің облыста ғана емес, түгел Қазақстанда тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымы тозып тұр.
Стратегиялық маңызы жоғары саланың бірі – денсаулық сақтау. Мұнда да бірнеше ілкімді жобалар бар. Кәсіпкер Вячеслав Журавлев ресейлік серіктестермен бірге медициналық бұйымдар, заманауи кереуеттер мен ауруханаларға қажет жиһаздар өндірісін құруда. Келесі жылы ол шағын зауыт ашуды жоспарлап отыр.
Вячеслав Журавлев, кәсіпкер:
- Жаңа медициналық жабдықтар, операциялық үстелдерге Қазақстан нарығында сұраныс өте жоғары. Сондықтан ресейлік тәжірибені пайдалана отырып, осы жобаны жүзеге асырмақпыз.
Сауда-саттықтан бөлек, мәдени байланыс та ерекше дамып келеді. Өткен жылы Қазақстанға үш млн-нан астам ресейлік келген. Ал, Қазақстаннан барған «Ұлы дала алтыны» көрмесіресейлік көрерменді таңғалдырды. Профессор, археолог Зейнолла Самашев Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс оқыды.
Наталья Косенкова, ШҚО Тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:
- Мәскеуде біз ұзақ болған жоқпыз. Дегенмен, біздің көрмені мыңдаған адам тамашалады. Ғалымдарымыз Төлеубаев пен Самашев студенттер арасында дәріс оқыды, бұл үлкен қызығушылық тудырды.
26 қарашада Уфа қаласында Ресей мен Қазақстанның өңіраралық ынтымақтастығының жиырмасыншы форумы басталады. Онда аймақаралық әріптестіктің жаңа векторлары айқындалады деп күтілуде.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин