Қазақстан мен Мажарстан арасында жалпы құны $230 млн болатын келісімдерге қол қойылды
Қазақстан мен Мажарстан арасында құны 230 млн доллардан асатын жобаларды жүзеге асыру жөніндегі келісімдерге қол қойылды, деп хабарлайды 24kz.
Оның ішінде ауыл шаруашылығы, фармацевтика, көлік-логистика бағыттары бар. Бұл – бүгін Будапештте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен қазақ-мажар инвестициялық дөңгелек үстелінің қорытындысы. Алдағы уақытта осы Будапешт қаласында, Мажарстан, Қазақстан және Қытай логистикалық хаб құруды жоспарлап отыр. Бүгінде еліміздің мұндай терминалы Қытайда бар. Осылайша, Қазақстан Шығыс пен Батысты жалғайтын маңызды көпірге айналмақ.
UBM, Gedeon richter, MVM. Бұл – Мажар бизнесінің осындай ірі өкілдерінің басын қосқан инвестициялық дөңгелек үстел. Президент Мажарстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында осындай маңызды шараға қатысты. Ол түсінікті де. Мақсат – ел экономикасын әртараптандырып, оған инвестиция тарту. Жалпы соңғы он жылда мажар тарапы 300 млн доллар көлемінде тікелей инвестиция бағыттаған. Былтырдың өзінде бұл көрсеткіш 25 млн долларға жеткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл Қазақстан мен Мажарстанның Стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойғанына 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында біз өзара сенім мен ортақ мақсаттарға негізделген тығыз ынтымақтастықтың іргесін қаладық. Мажарстанның Қазақстанға құйған инвестициясы 370 млн долларға жетті. Елімізде мажарлардың 70-тен астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында MOL Group және Gedeon Richter секілді компаниялар бар. Қазіргі таңда машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында жалпы инвестиция көлемі 540 млн доллардан асатын бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі пысықталып жатыр.
Алда Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сауда-саттық деңгейін 1 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұр. Бұл ретте Қазақстан жалпы құны 800 млн долларға жететін 99 тауар түрін экспорттауға дайын. Жиын барысында Президент Мажарстанның қалталы азаматтарына энергетика, сирек кездесетін материалдарды өндіру, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика секілді маңызды салаларда инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың келешегі зор екенін мәлімдеді. Жалпы қос елдің бизнес өкілдері әріптестік аясын кеңейтуге мүдделі. Мәселен, Қазақстан, Мажарстан және Қытай Будапештте бірлесіп логистикалық хаб құруды жоспарлап отыр.
Айта кету керек, бүгінде еліміздің мұндай терминалы Қытайда бар. Осылайша, Қазақстан Шығыс пен Батысты жалғайтын маңызды көпірге айналмақ.
Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Жалпы бізге қандай мүмкіндік ашады? Қазақстанның мынау «Бір белдеу, бір жол» жобасы шеңберінде өзінің транзиттік көліктік дәліздерін әртараптандыру. Оның ішінде Каспий теңізі арқылы Мажарстан арқылы Еуропа нарығына шығу. Себебі Мажарстан Еуропаның қақ ортасында орналасқан. Осы Будапешт қаласында шамамен 300 шақырым жерде 100 млн-ға жуық нарық бар. Бұл бір жағынан тас жол, бір жағынан темір жол, бір жағынан әуе жолы жақсы байланыста. Сондықтан 2-3 сағаттың айналасында осыншама нарыққа шыға алады.
Ендігі бір бағыт – ауыл шаруашылығы саласы. Бұнда да мажар тарапымен маңызды келісім бар. Нақтырақ айтқанда, UBM компаниясы еліміздің 3 облысында жаңа зауыт салуды көздеп отыр. Бұл өндіріс ошақтарында мал азығы дайындалады.
Петер Хорват, Ubm Group бас атқарушы директоры:
- Біз Алматы облысында дәруменді-минералды қоспалар өндіретін зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Тағы Қазақстанның 3 аймағында құрама жем, яғни, мал азығын шығаратын өндіріс ошақтарын ашпақ ойдамыз. Бұл жобаларға 60 млн доллардан асатын инвестиция құюға да дайынбыз.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Біздің жақтан бүкіл қолдау болады. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысының тапсырмасымен кешенді жоспар қайта өңдеу жағынан бекітілген. Сол жағынан біз қолдау көрсетеміз. Оның ішінде инвестсубсидия бар, басқа да жағдайлар бар. Сондықтан бұл кісілер қазір келіп, инвестиция өзі 100% кіргізетін болса, бізге қолдау болады. Сондықтан мал шаруашылығын әрі қарай дамытуға және қалғанын экспортқа шығаруға да мүмкіндік бар.
Қазақ тарапының ел экономикасына инвестиция тартып, маңызды деген жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екені белгілі. Бұны осы дөңгелек үстелдің қорытындысынан-ақ түсінуге болады. Кездесу соңында ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымын цифрландыру, білім салаларына және бірлескен инвестициялық жобаларды қолдауға қатысты 7 коммерциялық құжатқа қол қойылды.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Жаңа ғана құны 230 млн доллардан астам жобаларға қол қойылды. Жобалар экономиканың әр түрлі секторларында жүзеге асырылатын болады. Су шаруашылығы, көлік саласында, ауыл шаруашылығы саласында және де медицина саласында жобалар бар. Венгрия тарапынан іске асырылатын жобалар.
Айта кету керек, қазақ-мажар бизнес қатынасы халықаралық деңгейде үлкен маңызға ие. Екі елдің экономикасы арасындағы ынтымақтастық нығайған сайын қос тараптың ғана емес, сондай-ақ бүкіл Еуразия аймағының экономикалық дамуына оң ықпалын тигізеді. Сондықтан да мұндай іскерлік кездесулердің өтуі аса маңызды. Ал жиын соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мажар компанияларының басшыларын келесі жылы мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев, Ділмұрад Сейдаханов