Қазақ-мажар делегациялары 6 құжатқа қол қойды

фото: akorda.kz

Кең көлемді келіссөздерден кейін екі елдің стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуды және ортақ бастамаларды жүзеге асыруды көздейтін Бірлескен мәлімдеме қабылданды, деп хабарлайды 24kz.

Сонымен қатар ресми делегация мүшелері 6 құжатқа қол қойды. Оның ішінде инвестициялық ынтымақтастықты күшейтіп, ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестікті нығайту қамтылған. Сондай-ақ, энергетика, қаржы, көлік-логистика саласында келіссөздер бар. Құжат алмасу рәсімінен кейін қос елдің басшысы БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Мажарстанға жалпы құны 700 млн доллар болатын 95 тауар түрін жеткізуге дайынбыз. Энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласының өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз бар. Мажар компаниялары Қазақстандағы инвестициялық жобаларға қызығушылық танытып отыр.

Екі ел делегациялары келіссөздер кезінде маңызды стратегиялық сауда жолының бірі Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін талқылады. Азиядан Еуропаға құрлықпен тасымалданатын жүктің 85%-і Қазақстан арқылы өтеді. Алдағы уақытта бұл бағытпен 10 млн тонна жүк жеткізілетін болады. Мемлекет басшысы мәдени байланыстың да беки түскенін мәлімдеді.