Ресей мұнайы Қазақстан арқылы тасымалданады

Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара – құрлықтағы ең ұзын шекара. 7,5 мың шақырым. Осы тұрғыдан келгенде екі елдің көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығы үлкен маңызға ие. Тараптар байланысты енді одан әрі нығайтады.

Көлік дәліздерін дамытуға күш салынады

Биылғы 9 айда Ресейден біздің ел арқылы Қытайға тасымалданған жүк көлемі 63%-ке өсті. Ал Ресей мен Қазақстан аумағы арқылы Қытай – Еуропа бағытында жүк көлемі 65%-ке артты.

Екі ел үкіметі «Қытай – Қазақстан – Ресей» бағыты бойынша жүк ағынын көбейту үшін Селятино стансысына жақын жерден транспорт инфрақұрылымын салу мәселесін пысықтап жатыр. Cәуір айында Сиань – Достық/Алтынкөл – Селятино маршруты бойынша заманауи транспорттық-логистика орталығы іске қосылған еді. Аталған орталық халықаралық транспорт дәліздерінің дамуына маңызды үлес қосуға тиіс. Сондай-ақ қос ел «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін кеңейтуге көңіл бөліп отыр. Қазір дәліздің шығыс тармағын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Қазақстан Ресей, Түрікменстан, Иранмен бірге дәліздің шығыс тармағының әлеуетін дамыту жөніндегі жол картасына қол қойды. «Солтүстік-Оңтүстік» шығыс тармағын дамытуға бағытталған Еуразиялық экономикалық одақ үшін басым жобалар аясында интеграциялық инфрақұрылым жобаларын ресейлік әріптестермен бірге іске асырамыз. Жалпы біздің елдер арасындағы өнеркәсіптік кооперация жақсы дамып келеді. Бұл – жалпы сомасы 26,4 млрд АҚШ долларын құрайтын 136 жоба. 38 бірлескен жоба сәтті жүзеге асырылды», – Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары.

 

Ресей – басты сауда серіктесі

Ресей – Қазақстанның сенімді сауда серіктесі. Биылғы 9 айдағы мәліметке сүйенсек, экспорттың 11%-і Ресейге тиесілі. Яғни, солтүстіктегі көршіміз Италия мен Қытайдан кейін үшінші орында тұр.

Ал импорттаушылар арасында Ресей көш бастады. Елге кіргізілген тауардың 30%-ке жуығы ресейліктер үлесіне келеді. Бұл жерде алғашқы үштікке Қытай мен Германия кіріп отыр. Қазақстан негізінен мұнай, химиялық өнімдер, металл қорытпалары сынды бұйымдарды экспорттаса, сырттан жеңіл көліктер, электроника құрылғылары, дәрілік заттар сынды өнімдер сатып алған.

 

Сауда айналымының 91% ресейге тиесілі

Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында да Ресейдің үлесі қомақты. Биылғы жылдың 9 айында одақ мүшелерімен өзара сауда айналымы 21 млрд АҚШ долларын еңсерді.

Мұның ішінде экспорт 8 млрд доллар болса, импорт 13 млрд доллардан асты. Осы айналымның 91%-і Ресейдің еншісінде. Бұдан кейін Қырғызстан, Беларусь пен Армения тұр. Әрине, жүк тасымалы теміржол немесе көлік жолдары арқылы жүзеге асады. «Қазақстан осы тұрғыдан келгенде логистикалық әлеуетті жан-жақты пайдалану керек», – дейді сарапшылар.

Ләззат Нұрғалиқызы, экономист:

- Біз, әрине, өзіміздің жолымызды береміз. Ол – бізге үлкен басымдық, бізге табыс көзі. Бірақ жүріп отырған жолда, ол деген жарты сағаттық жол емес қой немесе 4-5 сағаттық. Сондықтан осы жолдағы сервситік қызмет көрсетуменен халықты сол арқылы жұмыспен қамту арқылы өзіміздің бір мәселемізді шешуге болады.

 

Ресей мұнайы Қазақстан арқылы тасымалданады

Сондай-ақ мұнай тасымалдауда Ресей үшін Қазақстанның орны бөлек. Қытай сатып алған мұнайдың едәуір бөлігі біздің ел арқылы өтеді. Мәселен, биылғы 10 айда ресейлік кеніштерден өндірілген 8 млн тонна мұнай шығыстағы көршімізге жеткізілді. Бұдан бөлек екі ел арасында энергетика, цифрландыру, агроөнеркәсіп салаларында тығыз байланыс орнаған. Әлеуметтік, ғылыми және мәдени салаларда бірлескен жобалар баршылық. Келешекте де әріптестік қарым-қатынас нығая беретіні анық.